Қазақстанда пациенттер медициналық қызметтің толық құнын сұрап, көрсетілмеген қызмет үшін ақшасын қайтаруды талап ете алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны жеке медициналық клиникамен арадағы даудан кейін 650 мың теңгесін қайтарып алды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әйел жеке клиникамен 780 мың теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасқан. Бір ай бойы ем қабылдағаннан кейін тағайындалған ем өзіне сәйкес келмегендіктен, әрі қарайғы процедуралардан бас тартуға шешім қабылдаған.
Келісімшарт бұзылғаннан кейін клиника ақшаның бір бөлігін ғана қайтарған. Бірақ пациентке нақты қандай қызмет көрсетілгені, әр процедураның бағасы қанша болғаны туралы толық есеп берілмеген.
Комитеттің хабарлауынша, тұтынушыға процедуралар мен қызметтердің толық прейскуранты ұсынылмаған. Осыған байланысты қайтарылған соманың дұрыс есептелгеніне күмән туған.
Әйелдің өтінішінен кейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары кәсіпкерге тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы заң талаптарын түсіндірді. Нәтижесінде клиника пациентке көрсетілмеген қызметтер үшін 650 мың теңгені өз еркімен қайтарды.
Ведомство қазақстандықтардың ем құны туралы толық ақпарат алуға құқығы бар екенін еске салды. Егер келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылса, пациент көрсетілген және көрсетілмеген қызметтер бойынша нақты есеп сұрай алады.
Мамандар медициналық қызметке ақы төлемес бұрын келісімшарт талаптарын мұқият оқуға, баға тізімін алдын ала сұратуға және барлық чек, түбіртек, төлем құжатын сақтауға кеңес береді.
Бұл жағдай жеке клиникаға барған әр адам үшін маңызды ескерту. Ақылы медицинада қызмет сапасы ғана емес, баға ашықтығы да сақталуы тиіс. Пациент емнен бас тартса немесе қызмет толық көрсетілмесе, клиника жұмсалған қаражаттың есебін нақты беріп, негізсіз ұсталған соманы қайтаруға міндетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







