Қазақстанда «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасы барлық өңірде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жоба қазірдің өзінде 17 облыс пен 1894 ауылдық округті қамтыған. Платформаның негізгі мақсаты өңірлік басшылардың қағазбастылығын азайтып, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға қатысты маңызды деректерді бір жүйеге жинақтау.
Жүйе Отбасының цифрлық картасы негізінде әзірленген. Оған 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің дерегі біріктірілген. Платформада тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік мәртебесі, жылжымайтын мүлкі, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларының көрсеткіштері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алушылар туралы мәліметтер қамтылған.
Деректерге жедел қолжетімділік әкімдерге әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе қиын өмірлік жағдайға тап болу қаупі бар азаматтарды алдын ала анықтап, оларға қажетті қолдауды проактивті түрде ұсынуға жол ашады.
Платформаның тағы бір тиімді тұсы ауылдық әкімдіктердің әкімшілік жүктемесін төмендету. Аналитикалық мәліметтер нақты уақыт режимінде қалыптасқандықтан, есеп дайындау кезіндегі қол еңбегі азаяды. Бұл адами фактордың ықпалын төмендетіп, басқару шешімдерін нақты дерекке сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жүйенің мүмкіндігі кеңейеді. Оған жер ресурстары, салық, субсидиялар, шаруа және фермерлік қожалықтардың қызметіне қатысты деректер енгізілмек.
Мамандардың пікірінше, мұндай цифрлық шешім ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтауға және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







