Freedom Events компаниясының бас директоры Виктория Торгунакованың айтуынша, Қазақстандағы мәдени индустрияның басты мәселесі концерттердің аздығында немесе көрерменнің жоқтығында емес, өңірлердегі мәдени инфрақұрылым саласының жеткілікті дамымауында жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, бүгінде Астана мен Алматы ғана емес, Атырау сияқты ірі өңірлік орталықтар да мәдени оқиғалардың негізгі алаңына айналып келеді. Алайда Қазақстанның көптеген қаласында халықаралық деңгейдегі концерттер өткізуге қажетті инфрақұрылым әлі толық қалыптаспаған.
– Бұл ретте мәселе әртістердің өңірлерге барғысы келмеуінде емес. Көп жағдайда ұйымдастырушылар жаңа қалаларда жұмыс істеуге дайын. Бірақ концерт өткізетін орындардың техникалық мүмкіндігі, дыбыс пен жарық сапасы, қауіпсіздік талаптары және көрермен сыйымдылығы секілді мәселелер шешуші рөл атқарады, – дейді Виктория Торгунакова.
Freedom Events жетекшісі мәдени индустрияның дамуын халықтың өмір сүру сапасымен де байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстанда азаматтар табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Ал мәдени демалысқа кететін шығын көлемі небәрі 3-4 пайыз шамасында қалып отыр. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттерден әлдеқайда төмен.
Торгунакованың пікірінше, мәдениет пен ойын-сауыққа жұмсалатын қаржы көлемі қоғамның экономикалық жетілу деңгейін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі. Мысалы, АҚШ пен Еуропада азаматтар бос уақыт пен мәдени демалысқа бірнеше есе көп қаржы бөледі.
Ол мәдени шараларды тек көңіл көтеру құралы ретінде қарастыру қате екенін атап өтті. Театр, концерт, көрме немесе фестивальге қатысқан адамның дүниетанымы өзгереді, қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі артады. Сондықтан мәдениет қоғамның сапасына тікелей әсер етеді.
Виктория Торгунакованың айтуынша, мәдени индустрия экономика үшін де маңызды. Бір концерт немесе фестиваль қонақүй бизнесіне, қоғамдық тамақтану орындарына, көлік компанияларына және шағын кәсіпкерлерге табыс әкеледі. Сондықтан әлемнің көптеген елінде мәдениет шығын емес, инвестиция ретінде қарастырылады.
Оның пікірінше, Қазақстанда соңғы жылдары концерттер, театрлар, цирк, спорттық жарыстар мен киберспорт төңірегінде жаңа нарық қалыптасып келеді. Алдағы уақытта осы бағыттардың дамуы өңірлік туризмге, қызмет көрсету саласына және жергілікті экономикаға қосымша серпін береді.
Торгунакованың пайымдауынша, басты міндет – мәдениетті халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Өңірлерде заманауи инфрақұрылым қалыптасып, мәдени өнімдерге қолжетімділік артқан кезде ғана Қазақстанның мәдени нарығы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







