Қала қабырғасы кейбіреулер үшін сурет дәптері секілді көрінуі мүмкін, алайда қоғамдық кеңістікті бүлдіру шығармашылық еркіндікке жатпайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттарға граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан қалаларында мұндай әрекетке жол бермеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, ғимарат қабырғалары мен қоғамдық нысандарға рұқсатсыз сурет салу әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі ретінде бағаланады. Сондықтан тәртіп бұзушылардың жауапкершілігін күшейтетін нақты құқықтық тетіктер қажет.
Президент қоғамдық орындарды бүлдіретін мұндай «шығармашылыққа» толық тыйым салуға мүмкіндік беретін заңдық-нормативтік шаралар қабылдауды ұсынды. Мұнда көркемдік құндылығы бар, арнайы белгіленген алаңдарда жасалатын стрит-арт пен рұқсатсыз жазулардың ара-жігін ажырату маңызды. Қала келбетіне қатысты кез келген бастама жергілікті билікпен және нысан иесімен келісілген жағдайда ғана жүзеге асуға тиіс.
Тапсырма Астанадағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау талабын күшейтеді. Елорда әкімдігіне вандализм фактілерін жедел анықтау, бүлінген нысандарды қалпына келтіру және кінәлі адамдардан шығынды өндіріп алу тетіктерін жетілдіру міндеті жүктелмек. Қала қабырғасын құрметтеу ортақ мүлікке, заңға және өзгенің еңбегіне құрметтен басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







