Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға көбейеді. Ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңгеге, ең жоғары мөлшері 259 795 теңгеге жетпек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өсім еңбек өтіліне қарамастан барлық зейнеткерге ортақ тәртіппен жүргізіледі.
«Күнкөріс деңгейінің жыл сайын өсуіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері де артады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5 пайызға индекстеледі», – делінген министрліктің Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.
Ең төменгі зейнетақы 113 мың теңгеден асады
2027 жылы күнкөріс минимумы қазіргі 50 851 теңгеден 55 173 теңгеге дейін өседі. Соған сәйкес базалық зейнетақының төменгі шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды.
Ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге болады. Оның құрамына:
- 38 622 теңге базалық зейнетақы;
- 74 919 теңге ынтымақты зейнетақы кіреді.
Ең жоғары жиынтық зейнетақы 259 795 теңгеге жетеді. Оның ішінде базалық төлем 66 208 теңгені, ынтымақты бөлігі 193 587 теңгені құрайды.
Аталған есепке БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы кірмейді. Оның көлемі әр азаматтың жеке шотында жиналған қаражатқа байланысты есептеледі.
Базалық төлемнің жоғарғы шегі көтеріледі
Президент тапсырмасымен 2023 жылдан бері базалық зейнетақы кезең-кезеңімен көбейіп келеді. Бес жылдық жоспар бойынша оның төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына, жоғарғы шегі 100 пайыздан 120 пайызға дейін жеткізіледі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең жоғары базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 118 пайызы емес, 120 пайызы көлемінде есептеледі.
1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болмаған және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған азаматтарға 38 622 теңге көлемінде мемлекеттік базалық төлем беріледі.
2027 жылға арналған зейнетақы шығындары республикалық бюджеттің үшжылдық жобасына енгізілген. Құжат қазір Құрылтайдың қарауында жатыр.
Жаңа зейнетақы жарнасы енгізілмейді
Қазақстандықтардың зейнетақысы ынтымақты, базалық және жинақтаушы бөліктерден құралады. Соңғысының мөлшері жұмысшы мен жұмыс беруші аударған жарналарға және сол қаражаттан түскен инвестициялық табысқа тәуелді.
Министрлік 2027 жылы зейнетақы жарналарының жаңа түрі енгізілмейтінін хабарлады. Міндетті, міндетті кәсіптік, ерікті және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қолданыстағы тәртіппен аударыла береді.
БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі айлық төлем 2027 жылы 40 063 теңге болады. Оның ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылмайды. Төлем көлемі әр салымшының жинағына қарай жеке есептеледі.
Жинақтың артығын баспана мен емге жұмсауға болады
Жұмыс істейтін қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинағы жеткіліктілік шегінен асқан жағдайда оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады. Бұл тәртіп 2027 жылы да сақталады.
Жеткіліктілік шегі жыл сайын ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы, инфляция және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізінде қайта есептеледі. Сондықтан 2027 жылғы жаңа шектер келесі жылдың негізгі әлеуметтік көрсеткіштері бекітілгеннен кейін жарияланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







