Қазақ даласында ғасырлар бойы адаммен бірге тіршілік еткен тазы енді халықаралық талаптарға сай тіркеліп, ғылыми негізде асылдандырылмақ. Астанада қазақы тазылардың тұқымдық сапасын бағалауға арналған монотұқымдық көрме өтті, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шара барлық ит тұқымы қатысқан халықаралық көрме аясында ұйымдастырылды. Соның арқасында қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтар мен селекционерлерге таныстыруға мүмкіндік туды. Арнайы бағалау кезінде иттердің тұқымдық ерекшелігі мен бекітілген стандарттарға сәйкестігі тексерілді.
Көрмемен қатар тұқымдық байқау өткізілді. Талаптарға сай келген тазылардың иелеріне халықаралық үлгідегі «Иттің шығу тегі туралы» куәлік табысталды. Құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның ата-тегі туралы нақты дерек қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали көрменің мақсаты үздік итті анықтаумен шектелмейтінін айтты. Негізгі міндет — қазақы тазыны жүйелі түрде асылдандырып, халықаралық кинологиялық талаптарға сай дерекқор қалыптастыру. Ол үшін әр иттің ата-анасы мен кейінгі ұрпағы туралы мәлімет тіркелуі керек.
«Иттерді халықаралық деңгейде мойындату үшін олардың асыл тұқымды болуы маңызды. Сонымен қатар ұрпақтарының ата-тегі, ата-анасы туралы нақты мәліметтерді қалыптастырып, халықаралық кинологиялық федерацияға дәлелдей алу қажет. Осы ретте ауылдық жерлердегі тазыларды да есепке алу өте маңызды», — деді Бауыржан Серікқали.
Ауылдағы тазыларды есепке алынады
Қазір елімізде төрт мыңнан астам тазы ресми есепке алынған. Алайда ауылдар мен өңірлерде құжатқа енгізілмеген иттер әлі де көп. Олардың барлығы тіркелсе, Қазақстандағы асыл тұқымды тазылардың саны 6-7 мыңға жетуі ықтимал.
Ауылдағы тазыларды есепке алу тұқым қорын кеңейту үшін қажет. Құжатсыз қалған иттердің арасында қазақы тазының құнды табиғи қасиеттерін сақтаған жануарлар болуы мүмкін. Сондықтан өңірлерді қамтитын тіркеу жұмысы тұқымның болашағына тікелей әсер етеді.
Бауыржан Серікқали тазыны көшпелі өркениетпен сабақтас ұлттық мұра ретінде бағалады. Қазақы тазы 2024 жылдан бері ресми тіркеліп, оны халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыс күшейген. Жетісу облысында осы тұқымды зерттеу мен дамытуға арналған ұлттық орталық салынып жатыр.
«Тазы — біздің мәдениетіміз, көшпенділер тарихының бір бөлшегі. Тазы тек ит тұқымы емес, тарихымыздың бір бөлігі. Сондықтан оны халықаралық деңгейде таныту үшін қазір іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Қазақстан кинологтар одағының президенті.
Елес топ жарды
Көрме барысында қазақы тазының тұқымын сақтауға, асылдандыруға және аңшылық қасиеттерін дамытуға үлес қосқан мамандар марапатталды. Ұлттық ит тұқымын насихаттап жүрген сала өкілдерінің еңбегі де ерекше аталды. Мұндай жұмыс тазыны тек көрме алаңында танытып қоймай, оның табиғи қабілетін жоғалтпай сақтауға бағытталған.
Байқаудың бас жүлдесін Қарағандыдан келген Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы жеңіп алды. 79 жастағы тазы иесі жүйрік баптаумен алты жасынан бері айналысып келеді. Осы уақыт ішінде оның қолынан 50-60 тазы өткен.
Рамазан Есейов қазір екі асыл тұқымды тазы ұстайды. Елес көрмеде белгіленген тұқымдық талаптарға сай келіп, үздік деп танылған. Қария бұған дейін Қазақстандағы және шетелдегі тазы көрмелерінде де жүлде алған.
«Босағамыздан тазы арылған емес. Алты жасымнан бастап тазы асырадым, бүгінде 79 жастамын. Бүгін Елес тұқымның критерийлеріне сәйкес келіп, жеңімпаз атанды», — деді Рамазан Есейов.
Қазақы тазыларды жүйелі тіркеу олардың сыртқы тұрпатын ғана сақтауға арналмаған. Шығу тегін бақылау жақын туыстас иттерді шағылыстырудан туындайтын қауіптерді азайтып, дені сау ұрпақ алуға жол ашады. Бірыңғай дерекқор селекциялық жұмысты халықаралық талаптарға сай жүргізуге мүмкіндік береді.
Тазының халықаралық деңгейде мойындалуы бір күндік көрменің нәтижесімен шешілмейді. Ол үшін мыңдаған иттің шығу тегі дәлелденіп, бірнеше буынға жалғасқан тұқымдық мәлімет жиналуы қажет. Астанадағы көрме сол ұзақ жұмыстың маңызды кезеңдерінің біріне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






