Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды дәстүрлі Қала күні қарсаңында «Алматы ақшамы» газетіне жарияланған бағдарламалық мақаласында мегаполистің бүгінгі экономикалық ахуалы мен алдағы ауқымды даму бағыттарын кеңінен таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала басшысының мәліметінше, бүгінде Алматы экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Мегаполисте жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 30 мың доллардан асты. Сонымен қатар елімізге тартылатын барлық тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің төрттен бірін өндіріп отырған орталық мемлекеттік бюджет кірісінің үштен бірін қамтамасыз етеді.
«Қай шаһар адамға мүмкіндік бере алады? Қай жерде жаңа идеяға орын бар? Қай жерде кәсіпкер өз ісін еркін дамыта алады? Осындай сұрақтарға жауап бере алған қалалар ғана жаңа дәуірдің көшін бастайды. Нағыз даму – қаланың көлемін емес, оның өмір сүру сапасын арттыру», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Полиорталықты даму және «15 минуттық қала» қағидаты
Қала жетекшісі Алматының ұзақ жылдар бойы бір орталыққа ғана байланғанын, бұл жағдай көлік қозғалысына да, инженерлік желілерге де ауыр салмақ түсіргенін тілге тиек етті. Осыған орай қалада полиорталық моделі іске асырылуда.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» мен Сайран көлінің маңында Almaty Downtown орталықтары толық бой көтереді. Кейіннен бұл тізбекке «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полиорталықтары қосылады. Бұл аумақтар Mixed-Use әдісімен, яғни тұрғын үй, жұмыс орны, білім беру, медицина және демалыс нысандары бір-біріне жақын орналасатын «15 минуттық қала» қағидатымен салынады. Соның нәтижесінде тарихи қала орталығы артық жүктемеден арылып, өзінің тарихи келбетін сақтап қалады.
Көлік кешені: Метро, LRT және Sky Train жүйесі
Мақалада мегаполистің көлік жүйесін жаңғыртуға басымдық берілген. Қазір метро желісін ұзарту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Желі батыс бағытта «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға созылып, 3 жаңа станциямен толығады. Ал шығыс бағытта «Жібек жолы» станциясынан халықаралық әуежайға дейін 14 шақырымдық бағыт тартылып, 8 жаңа станция бой көтереді.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымына заманауи жеңіл рельсті көліктер мен жаңа технологиялар енгізіледі. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі Индустриялық аймақтан Алматы-2 теміржол вокзалына дейінгі бағытты байланыстырады. Бұған қоса қалада алғаш рет эстакада үстімен қатынайтын Sky Train желісі салынады. Жалпы ұзындығы 42 шақырымды құрайтын аталған жүйеде 20 станция болады.
«Sky Train жүйесінің басты ерекшелігі – оның жол қозғалысына тәуелсіз, арнайы салынған эстакада бойымен қатынауы. Бұл көлік кептелісіне тәуелділікті азайтып, уақытты едәуір үнемдейді», – деп жазды қала әкімі өз мақаласында.
Әлеуметтік нысандар мен жаңа стадион
Әкімдік әлеуметтік тапшылықты жою үшін ауқымды құрылыс қарқынын күшейтті. Биыл қалада 8 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы 2 білім ошағы ашылады. 2030 жылға дейін қосымша 69 мектеп салу міндеті қойылды. Денсаулық сақтау саласында 32 жаңа нысан бой көтеріп, 14 мекеме күрделі жаңғыртудан өтеді.
Спорт сүйер қауым үшін «Шығыс қақпасы» аумағында 45 мың көрерменге шақталған заманауи жаңа футбол стадионы бой көтереді. Сондай-ақ шаһарда туризм әлеуеті де еселене түспек. Шымбұлақ, Кимасар мен Бутаковка бастаған демалыс орындары біртұтас тау кластеріне айналады. Қала билігі 2030 жылға қарай шетелдік туристер ағынын 1,7 миллионға, ал 2050 жылға қарай 4 миллионға жеткізуді көздеп отыр.
Экологиялық қауіпсіздік және ауа сапасын бақылау
Мақалада экология мәселесі негізгі түйіндердің бірі ретінде қаралған. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 кешендерін газге көшіру жылу көздерінен бөлінетін зиянды қалдықтарды 90 пайыздан астам көлемде қысқартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар қала орталығында зиянды көліктердің қозғалысын реттейтін LEZ (Low Emission Zone) жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр.
Мегаполистің табиғи көркін жаңғырту бағытында 2030 жылға дейін 1 миллионнан астам ағаш отырғызу және қалалық тәлімбақтар жүйесін құру көзделген. Дархан Сатыбалды өз мақаласын түйіндей келе, басқару жүйесіне «цифрлық егіз» технологиясы енгізіліп, қаланың кез келген өзгерісі алдын ала дәл модельденетінін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







