Жетісу облысында коллекторлық агенттіктің азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланғаны анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Талдықорғанда жеке ақпараттарды заңсыз жинау және пайдалану фактісіне қатысты арнайы операция жүргізілген.
Тергеу барысында коллекторлық агенттік қызметкерлерінің азаматтар туралы мәліметтерді арнайы ақпараттық жүйе арқылы алғаны белгілі болды. База арқылы адамның тегі, аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және ұялы телефон нөмірі бойынша іздеу жүргізуге мүмкіндік болған.
Құқық қорғау органдары аталған жүйені ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар үш адамды ұстады.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді. Нәтижесінде жеке деректерді сақтау, өңдеу және тарату үшін пайдаланылуы мүмкін көптеген компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленді.
Сонымен қатар тексеру шаралары аясында бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілген.
Қазіргі уақытта азаматтардың жеке деректері қандай жолмен алынғаны нақты анықталған жоқ. Тергеу органдары ақпараттық базаның қайдан шыққанын және оған кімдердің қол жеткізгенін тексеріп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайлар жеке деректердің қорғалу мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың дербес мәліметтерін заңсыз пайдалану фактілері қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда.
Полиция қылмыстық іс аясында барлық мән-жайды анықтау бойынша тергеу әрекеттерін жалғастырып жатқанын хабарлады. Тергеу аяқталғанға дейін күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







