Мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениетті ұлттық бірегейлікті сақтаудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің және қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде үнемі атап келеді. Осыған байланысты сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары мәдениет қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылы Президенттің қолдауымен Астанадағы мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 200 пәтер берілді. Ал биыл бұл бастама жалғасын тауып, Алматы қаласындағы мәдениет саласының тағы 60 қызметкері жаңа баспананың кілтін алды.
Бұл қадамның маңызы зор. Себебі шығармашылық адамдардың ең өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй мәселесі. Көптеген әртіс, музыкант, кітапханашы немесе музей қызметкері жылдар бойы осы мәселені көтеріп келген болатын.
Өнер адамдарының тұрмысы назарда
Мәдениет саласының мамандары денсаулық сақтау жүйесінде қарастырылған барлық әлеуметтік кепілдіктерді де пайдалана алады. Оларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетін қызметтер қолжетімді.
Сонымен қатар жоғары мемлекеттік атақтар мен марапаттарға ие болған мәдениет қайраткерлеріне қосымша әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай азаматтар тегін медициналық қызмет алу құқығына ие.
Оларға және жұбайларына жылына бір рет еліміздегі шипажайларда тегін емделуге мүмкіндік беріледі. Ал балалары сауықтыру қызметтерін 50 пайыз жеңілдікпен пайдалана алады.
Өнер саласының ерекше еңбек жағдайында жұмыс істейтін өкілдері де мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын және зейнет жасына жеткенге дейін шығармашылық қызметін аяқтаған балет әртістеріне арнайы ай сайынғы төлем тағайындалады. Қазір мұндай қолдауды республика бойынша 56 адам алып отыр.
2024 жылдың қаңтарынан бастап тағы бір маңызды жаңашылдық енгізілді. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарында еңбек ететін халық биі өнерінің әртістеріне арнайы әлеуметтік төлем беріле бастады. Бұл төлем 55 жасқа толған және соңғы жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары тұрақты аударылған азаматтарға тағайындалады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар мәдениет саласының беделін арттыруға ғана емес, шығармашылық мамандықтардың тартымдылығын күшейтуге де ықпал етеді. Өйткені мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы ұлттық мәдениеттің тұрақты дамуының маңызды алғышарттарының бірі саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







