Жапония ғарыш тарихындағы ең батыл операциялардың біріне кірісіп, Марстың жұмбақ серігі Фобостан топырақ үлгісін жинауға арналған MMX (Martian Moons eXploration) зондын сәтті ұшырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танегасима ғарыш айлағынан H3 зымыран-тасығышымен аттанған бес тонналық кеме Қызыл ғаламшардың төңірегіне сапар шегеді. Экспедиция сәтті жүзеге асса, адамзат өркениеті Марс жүйесінен тұңғыш рет таза күйіндегі топырақ үлгісін Жерге жеткізбек. Аталған ғылыми сапар Күн жүйесінің пайда болуы мен тіршіліктің бастауын анықтауда шешуші қадам болмақ.
Ғарыштық экспедициялардың жаңа дәуірі
Ғалымдар қазіргі уақытты «ғарыштық барымта дәуірі» деп атай бастады. Соңғы жылдары АҚШ пен Жапония бірнеше астероидтан жылдам соққы жасау арқылы жыныстар алды. Қытай Айдың арғы бетінен топырақ жеткізіп, енді өзге астероидтарға көз тігуде. Алайда құны жүздеген миллион долларды құрайтын жапондық MMX жобасы бұрынғылардан әлдеқайда күрделі әрі ауқымды міндетті көздейді.
Аппарат көлемі шағын әрі картоп пішінді Фобос серігіне бағытталған. Зонд аталған аспан денесіне бір емес, екі мәрте қонуды жоспарлап отыр. SETI институтының зерттеуші ғалымы Матия Чук бұл экспедицияның мәні айрықша екенін алға тартады.
«Фобос Күн жүйесіндегі бізге ең жақсы таныс екінші табиғи серікке айналады», – деді ол.
Фобос пен Деймостың жұмбақ жаратылысы
Астрономдар Марстың қос серігі — Фобос пен Деймостың қалай пайда болғанын әлі күнге дейін дөп басып айта алмай келеді. Бір болжам бойынша, олар ертеректе Марстың тартылыс күшіне тұтылып қалған астероидтар саналады. Бірақ аталған нұсқа олардың Қызыл ғаламшарды айнала қозғалатын мінсіз шеңбер тәрізді орбитасын түсіндіре алмайды.
Екінші болжамға сүйенсек, алып бір ғарыш нысаны Марсқа соғылып, соның салдарынан ғарышқа шашылған сынықтардан осы серіктер түзілген. Мұндай қайшылықты шешудің жалғыз жолы — серіктің беткі қабатын зертханалық тұрғыда тікелей сараптау.
«Екі еселенген олжа»: Топырақта Марс бөлшектері де бар
Фобос өз құрамында тек өз жыныстарын ғана емес, Марстың да байырғы бөлшектерін сақтап отыр. Миллиардтаған жылдар бойы Марс бетіне құлаған метеориттер мен кометалар ғаламшар топырағын ғарыш кеңістігіне ұшырып, соның бір бөлігі дәл жанындағы Фобосқа шөккен. Ғалымдардың есебінше, жиналатын топырақтың кемінде 1 пайызы таза Марс материясынан тұрады.
Зондтың топырақ жинау құрылғысын әзірлеген Honeybee Robotics өкілі Крис Закни ғарыш аппараты әкелетін олжаның маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл жай ғана Фобостан үлгі әкелетін миссия емес. Біз бірден әрі Фобостың, әрі Марстың бөлшектерін жинаймыз», – деп түсіндірді Крис Закни.
IDEFIX ровері және 2031 жылға дейінгі жоспар
Зонд Марс орбитасына 2027 жылдың соңына қарай жетеді. Шамамен үш жыл бойы ғаламшар жүйесінде барлау жұмыстарын жүргізеді. Фобостың тартылыс күші өте төмен болғандықтан, негізгі аппарат қонбас бұрын Германия мен Франция жасап шығарған «Idefix» атты шағын ровер серік бетіне түсіріледі. Бұл төрт доңғалақты құрылғы рельефті жіті зерттеп, негізгі аппаратқа қауіпсіз нүктені таңдап береді.
Кейін MMX серікке қонып, кемінде 10 грамм таза топырақ жинап алады. Ол үшін арнайы қысымды газбен топырақты үрлеп соратын пневматикалық құрал мен бұрғылау тетігі пайдаланылады. Бағалы жүк тиелген капсула 2030 жылы кері бағытқа жол тартып, 2031 жылы Австралия полигонына қонады деп жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







