Әдетте ипотека рәсімдеу кезінде қаржы ұйымдары қарыз алушының жалақысын, зейнетақы аударымдарын және соңғы жұмыс орнындағы еңбек өтілін жіті тексереді. Алайда нарықта ресми табыс туралы анықтамасы жоқ азаматтарға да тұрғын үй несиесін ұсынатын екінші деңгейлі банктер бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда еліміздегі ипотека нарығында қызмет көрсететін он банктің бесеуі ресми кірісі жоқ азаматтардың өтінішін қарастыруға дайын. Мұндай жеңілдік көбіне бастапқы жарна көлемі жоғары болған жағдайда ғана іске асады.
Ресми кіріс талап етпейтін банктер
Банк ЦентрКредит стандартты кіріс анықтамасынсыз өтінім қабылдайды. Мұнда бастапқы жарна көлемі кемінде 50 пайызды құрауы қажет. Қолма-қол ақшаның орнына сатып алынатын пәтер құнының жартысынан кем емес жеке баспананы қосымша кепіл ретінде ұсыну мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар қаржы институты шот бойынша үзінділер мен қосымша кіріс құжаттарын сұрата алады.
Altyn Bank соңғы алты айдағы шот бойынша үзінді көшірмені жеткілікті деп есептейді. Дегенмен несие барлық өңірде емес, тек Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларында беріледі. Бастапқы жарна көлемі әр клиентке жеке белгіленеді.
Қазақстанда бес банк ресми табыс анықтамасынсыз ипотека береді. Негізгі талап — 40–50 пайыз көлеміндегі бастапқы жарна немесе шоттағы тұрақты айналым.
ForteBank қарыз алушының жанама кірістерін назарға алады. Несие алу үшін соңғы алты айдағы есепшот қозғалысы мен қосымша растаушы құжаттарды өткізу қажет. Бастапқы жарна көлемі әрбір өтінім бойынша дербес бекітіледі.
Bank RBK да жанама табысты растау тетігі арқылы тұрғын үй несиесін береді. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 40 пайыздан басталады.
Отбасы банк көп жағдайда кірісті растауды талап еткенімен, ерекше ережесі бар. Банкте үш жылдан астам уақыт қаржы жинап, бағалау көрсеткішін 16 баллға жеткізген салымшылар табысын тексертпей-ақ тұрғын үй қарызын рәсімдей алады.
Табысты міндетті түрде растайтын қаржы ұйымдары
Нарықтағы өзге банктерде талап әлдеқайда қатаң. Соңғы алты айдағы ресми жалақы мен зейнетақы жарналарын мына банктерде міндетті түрде көрсету қажет:
— Halyk Bank;
— Freedom Bank;
— Нұрбанк.
Еуразиялық банк қазіргі уақытта тек «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ғана несие рәсімдейді. Бұл бағдарламаның талабы бойынша ресми кірісті міндетті түрде растау қажет, өзге коммерциялық ипотекалық өнімдер аталған банкте қолжетімсіз.
Басты талаптар мен ескеретін жайттар
Ресми жалақысыз ипотека рәсімдеу үшін клиенттен бірнеше негізгі талапты орындау сұралады:
Біріншіден, стандартты несиелердегі 20 пайыздық жарнаның орнына баспана құнының 40–50 пайызын алдын ала төлеу қажет болады. Екіншіден, соңғы жарты жылда шотқа ақшаның тұрақты түсіп отырғанын дәлелдейтін банк үзінділері маңызды рөл атқарады. Жеке кәсіпкерлер үшін айналым көлемі туралы деректер есепке алынады.
Банктің өтінімді қабылдауы несиенің міндетті түрде мақұлданатынына кепілдік бермейді. Мамандар ай сайынғы төлемді өтеуге клиенттің нақты шамасы жететін-жетпейтінін бәрібір қосымша тексеруден өткізеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







