Соңғы күндері «Отбасы банк» айналасында жүйелі өзгерістер орын алуда. Қаржылық институт салымшылар үшін несиелеу шартын жаңартып жатыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Ең басты жаңалық аралық қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелердің біріздендірілуі. Нарыққа енген ережеге сәйкес, бұған дейін таңдалған бағдарлама мен салымшының бағалау көрсеткішіне (ОП, ред.) байланысты 6 пайыздан 8,5 пайызға дейін құбылып келген мөлшерлемелер енді жойылды.
Оның орнына барлық аралық несиелер үшін бірыңғай 8,5 пайыздық (жылдық тиімді мөлшерлемесі 9-дан 9,6 пайызға дейін) мөлшерлеме бекітілді. Өзгеріс банктегі ең танымал өнімдерді, соның ішінде алғашқы және екінші нарықтан үй сатып алу, үй салу, жөндеу жұмыстары, сондай-ақ «Әскери баспана» мен «Өз үйім» бағдарламаларын қамтиды.
«Бұл бұған дейін төмен пайызбен (6–7,5 пайыз) несие алудан үмітті болған салымшылар үшін ипотека бағасының біршама қымбаттауын білдіреді», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.
Алайда…
Банк басшылығы салымшылардың негізгі мақсаты болуы тиіс тұрғын үй қарыздарының шарттарын өзгерткен жоқ. Егер азаматтар депозитті 3 жылдан артық жинап, баспана құнының 50 пайызын құрап және бағалау көрсеткішін 16 деңгейіне жеткізсе, несие мөлшерлемесі бұрынғыша төмен 3,5 пайыз бен 5 пайыз аралығында қала бермек. Сондай-ақ алдын ала қарыздардың шарттары да өзгеріссіз қалды.
Екінші маңызды оқиға жаппай сұранысқа ие «Наурыз 2026» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасына өтінімдерді қабылдаудың аяқталып, қатысушылар тізімінің жариялануы.
Биыл бағдарламаға құжат тапсырған 26 мыңнан астам үміткердің ішінен 16 000 салымшы іріктеуден өтіп, жолдама алған. Іріктелген азаматтардың орташа жасы 32 жасты құраса, олардың тең жартысынан астамы баспана кезегінде тұрғандар.
«Наурыз» бағдарламасының негізгі параметрлері мынадай шеңберде жүзеге асырылуда:
- Бастапқы жарна: 10 пайыздан басталады;
- Несие мөлшерлемесі: Халықтың әлеуметтік осал топтары мен кезекте тұрғандар үшін – 7 пайыз, қалған азаматтар үшін – 9 пайыз;
- Ең жоғары несие сомасы: Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 30 миллион теңгеге дейін;
- Несие мерзімі: 19 жылға дейін ұзартылады.
Бағдарлама аясында Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарынан тек бастапқы нарықтан (жаңа салынған үйлер) ғана баспана таңдауға рұқсат берілген. Ал екінші нарықтағы (ескі үйлер) пәтерлерді тек моноқалалар мен ауылдық жерлерден ғана сатып алуға болады және оған бөлінген жылдық қаржының 30 пайызынан аспайтын шектеу қойылған. Жолдама алған қатысушыларға несие рәсімдеп, баспана тауып алу үшін 6 ай уақыт беріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







