Ақсуат ауданында дәстүрлі «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалінің алғашқы күні республикалық тоғызқұмалақ турнирімен ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы фестивальге еліміздің әр өңірінен жүздеген спортшы мен өнерпаз жиналды. «Туған жерге туыңды тік» ұранымен өтіп жатқан ауқымды шара ұлттық спортты, өнерді және туған жерге деген құрметті дәріптеуге бағытталған.
Фестивальдің алғашқы күнінде тоғызқұмалақ шеберлері бақ сынады. Республикалық турнирге қатысушылар жоғары дайындық көрсетіп, ұлттық зияткерлік ойынның терең тактикалық мүмкіндігін танытты.
Жарыс қорытындысы бойынша алматылық Елдар Дәкен 6 ұпай жинап, бас жүлдені жеңіп алды. Ол 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Екінші орынды Қостанай облысының өкілі Айдын Жакиев, үшінші орынды Қызылорда облысынан келген Жантөре Аманқос иеленді. Екеуі де 5,5 ұпай жинады.

Сондай-ақ Павлодар облысынан Салахаддин Агитаев, Абай облысынан Аяна Исахан, Ақтөбе облысынан Диас Жанбау, Алматы облысынан Ернұр Батыр, Астанадан Азимхан Махмұтжан және Жамбыл облысынан Айдана Молдабек жүлделі орындар қатарынан көрінді.
Турнирге ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Дулат Тастекей демеушілік жасады. AssylTas қоры тоғызқұмалақ жарысының жүлде қорына 3 миллион теңге бөлді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалінің жалпы жүлде қоры 100 миллион теңгеден асады.
Фестиваль тек жарыс алаңы ғана емес, өңірлер арасындағы достықты нығайтатын, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды мәдени-спорттық басқосу ретінде ерекшеленіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







