Франция мен Германияның болашақтың жаңа әскери ұшағын жасау жөніндегі ең ірі қорғаныс жобаларының бірі тоқтатауы мүмкін. Екі ел басшылығы Future Combat Air System (FCAS) бағдарламасын жалғастырудан бас тарту туралы шешім қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Еуропаның келешектегі әуе соғысына арналған негізгі платформасы ретінде қарастырылған еді. Оның құрамына жаңа буын жойғыш ұшақ, оған ілесіп ұшатын дрондар және барлық әскери жүйені бір желіге біріктіретін арнайы цифрлық басқару платформасы кіруі тиіс болатын.
FCAS жобасын 2017 жылы Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Германияның сол кездегі канцлері Ангела Меркель бастаған. Бағдарлама Еуропаның қорғаныс тәуелсіздігін күшейтіп, америкалық технологияларға тәуелділікті азайтуға бағытталған болатын.
Алайда жобаға қатысушы француздық Dassault Aviation мен еуропалық Airbus компаниялары арасындағы ұзаққа созылған келіспеушіліктер бағдарламаның болашағына нүкте қойған сияқты.
Негізгі дау жаңа буын жойғыш ұшағын әзірлеуді кім басқаратыны төңірегінде өрбіген. Dassault Aviation компаниясы жобаның авиациялық бөлігін толық бақылауды талап етсе, Германия мен Испания мұндай тәсілмен келіспеген.
Нәтижесінде Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Германия канцлері Фридрих Мерц жобаны сақтап қалуға тырысқанымен, компаниялар ортақ шешімге келе алмады.
Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек өнеркәсіптік бәсекеде емес. Германия мен Францияның әскери қажеттіліктері де әртүрлі болып шықты.
Фридрих Мерц бұған дейін Германияға француз әскери-әуе күштері үшін жасалып жатқан сипаттағы ұшақ қажет емес екенін айтқан. Оның пікірінше, Францияға ядролық қару тасымалдауға бейімделген жойғыш қажет болса, Германияның қазіргі әскери доктринасында мұндай талап жоқ.
Осылайша жоба техникалық мәселеден гөрі стратегиялық айырмашылықтардың құрбанына айналды.
FCAS тағдыры таразыда
FCAS бағдарламасы толық тоқтатылса, бұл Еуропаның ортақ қорғаныс жобалары үшін маңызды соққы болуы мүмкін. Себебі бағдарлама құрлықтағы ең ірі әскери-индустриялық бастамалардың бірі саналған.
Сонымен бірге бұл жағдай Еуропаның қорғаныс саласындағы негізгі проблемасын тағы көрсетті. Ресей мен Қытай әскери өндірісті орталықтандырылған жүйемен дамытып жатқан кезде, Еуропа елдері арасында ортақ жобалар бойынша келісімге келу барған сайын қиындап барады.
Дегенмен Париж жобаның атауын толық жоғалтқысы келмейді. Кейбір деректерге қарағанда, FCAS атауы жойғыш ұшаққа қатысы жоқ басқа қорғаныс жүйелерінде сақталуы мүмкін.
Егер жоба түпкілікті тоқтатылса, Еуропа жаңа буын әскери авиациясында Ұлыбритания, Италия және Жапония бірлесіп жүзеге асырып жатқан Global Combat Air Programme бағдарламасына немесе америкалық технологияларға көбірек тәуелді болуы ықтимал.
Сарапшылардың бағалауынша, FCAS тарихы Еуропаның қорғаныс тәуелсіздігі идеясы қаншалықты күрделі екенін көрсетті. Өйткені қазіргі заманғы әскери технологияда инженерлік шешімдер ғана емес, ұлттық мүдделер мен саяси амбициялар да шешуші рөл атқарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







