Қазақстанда ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды өзгеріс енгізілмек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасын әзірледі. Құжаттың негізгі мақсаты бағдарлама аясында көмек алуға үміткер азаматтарға қосымша мүмкіндік беру және рәсімдерді аяқтауға қосымша уақыт қарастыру.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік осал санатқа жататын қарыз алушыларға көрсетілетін қосымша көмек мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылмақ. Бұл мүмкіндік 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтініш берген азаматтарға және арнайы комиссия оң шешім шығарған қарыз алушыларға қатысты болады.
Қаулы жобасында тұрғын үйді жалға беру, тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне өткізу және қарыз шарттарын жеңілдету рәсімдері бойынша да мерзімдер нақтыланған. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға алу немесе меншігіне алу жөніндегі өтініштерді азаматтар 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсыруы қажет.
Жүктемені жеңілдету
Құжатта «Банк Астана» АҚ-ның тарату комиссиясына қатысты арнайы нормалар да қарастырылған. Банк лицензиясынан айырылғанға дейін қайта қаржыландырылмаған, бірақ бағдарлама талаптарына сәйкес келетін әлеуметтік осал азаматтарға қолдау көрсету тетігі сақталады.
Сонымен қатар Қазақстанның орнықтылық қоры, банктер және «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланып отыр. Қаржыландыру лимиттері өзгерген жағдайда қосымша келісімдерге қол қою мерзімі 10 жұмыс күні болып белгіленеді.
Мамандардың пікірінше, енгізіліп отырған түзетулер бағдарламаның техникалық бөлігін реттеумен қатар, ипотекалық қиындыққа тап болған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Бағдарлама алғаш рет 2015 жылы іске қосылған болатын. Оның негізгі мақсаты – ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін жеңілдету, әлеуметтік осал азаматтарды қолдау және проблемалық несиелер санын азайту.
Сарапшылардың бағалауынша, мерзімдердің ұзартылуы әсіресе бұрын түрлі себептермен құжаттарын рәсімдеп үлгермеген немесе қосымша көмекке мұқтаж азаматтар үшін маңызды шешім болып отыр. Осылайша мемлекет ипотекалық қарыздарға байланысты әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жалғастыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







