Қазақстанда шұғыл қауіп төнген жағдайда байланыс пен интернетті уақытша өшіруге мүмкіндік беретін норма Конституцияға сай деп танылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституциялық сот «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабы 1-2-тармағын қарады. Іс азамат Е.М. Қабышевтің өтініші бойынша қаралған.
Өтініш иесі 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда интернет пен байланыс қызметтерінің өшірілуін заңсыз деп есептеген. Оның пікірінше, аталған норма азаматтардың ақпарат алу және сот арқылы қорғалу құқығын шектейді. Конституциялық сот бұл уәждерді қарап, даулы норманы Конституцияға сәйкес деп таныды.
Аталған бап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды тұлғаларына шұғыл жағдайларда байланыс желілері мен интернетке қолжетімділікті уақытша тоқтатуға құқық береді. Мұндай шара ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу үшін қолданылуы мүмкін.
Сот бұл өкілеттік азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ конституциялық құрылысты қорғауға бағытталған тетік екенін атап өтті.
Сонымен қатар Конституциялық сот ҰҚК органдарының мұндай арнайы өкілеттігі кейін сот арқылы бағаланбайды дегенді білдірмейтінін түсіндірді. Яғни байланыс немесе интернетті шектеу туралы шешімнің заңдылығы кейін сотта қаралуы мүмкін.
Өтініш иесінің талап арызын соттардың қанағаттандырмауы оның құқықтарын толық шектеу емес, нақты істің мән-жайын бағалау нәтижесі ретінде түсіндірілді.
Дегенмен Конституциялық сот заң мәтінінде нақтылауды қажет ететін тұстар бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, «кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар» және «қылмыс жасауға әкелуі мүмкін жағдайлар» деген ұғымдардың құқықтық мазмұны толық ашылмаған.
Соттың пікірінше, заңның қазіргі мәтіні қауіптің нақты деңгейін және оның шынайылығын дәл айқындауға мүмкіндік бере бермейді.
Осыған байланысты Үкіметке байланыс саласындағы заңнаманы жетілдіру ұсынылды. Қандай қылмыстық құқық бұзушылықтар кезінде байланыс шектелуі мүмкін екені нақты көрсетілуі керек.
Сонымен қатар мұндай шараның уақытша сипатта болатыны заңда анық жазылуы тиіс. Байланыс пен интернетті тоқтату мерзімі де нақты белгіленуі қажет.
Осылайша, Конституциялық сот ҰҚК-ның шұғыл қауіп кезінде байланыс пен интернетті уақытша шектеу құқығын заңды деп таныды. Бірақ бұл құқықтың қолданылу тәртібі нақты әрі түсінікті болуы керек екенін ескертті.
Бұл шешім қауіпсіздік пен азаматтық құқықтардың арасындағы тепе-теңдік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Мемлекет шұғыл жағдайда қауіптің алдын алуға құқылы. Бірақ мұндай шектеулер нақты негізге, мерзімге және кейінгі құқықтық бақылауға сүйенуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







