Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында республикалық IT Quest интерактивті онлайн-квесті басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Astana Hub ұйымдастырған жоба қатысушыларға технологиялар, жасанды интеллект, стартаптар тақырыптарындағы білімдерін сынап, бағалы сыйлықтарға ие болуға мүмкіндік береді.
Квест екі кезеңнен тұрады. 2-30 маусымда өтетін алғашқы кезеңде қатысушылар викторина сұрақтарына жауап беріп, цифрлық жұмбақтар мен логикалық тапсырмаларды шешеді. 1-15 шілдедегі екінші кезеңде ойыншылар ұсынылған бейнеролик мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.
Тапсырмаларды сәтті орындағандар Social Coins және XP жинайды. Жеңімпаздар ең көп XP жинаған қатысушылар арасынан анықталады. Бірдей нәтиже көрсеткен қатысушылар арасында тапсырманы жылдамырақ аяқтағанына басымдық беріледі.
Квестке қатысу үшін Astana Hub мобильді қосымшасын жүктеп алып, тіркелу қажет. Тапсырмаларды әр қатысушы жеке өзі орындауы тиіс.
Astana Hub бұған дейін еліміздің барлық өңірінен шамамен 6 мың адам қатысқан ауқымды квесттер ұйымдастырған. Бұл жолғы бастама цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект туралы білімді қызықты әрі интерактивті форматта арттыруға бағытталған.
Шараның толық шарттары Astana Hub мобильді қосымшасында жарияланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







