Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Шығыс Қазақстан облысында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды этномәдени форум 10-12 шілде аралығында Катонқарағай ауданында өтеді. Қазір өңірде фестивальге дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Димаш Құдайберген шараға қатысатынын растаған. Оның концерті фестивальдің басты оқиғаларының бірі болады деп күтіледі.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі Қазақстанның ресми туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан ұйымдастырушылар мәдени форум Шығыс Қазақстанға келетін туристер санын арттырып, Катонқарағайдың халықаралық деңгейдегі тартымдылығын күшейтеді деп отыр.
Катонқарағай еліміздегі табиғаты ерекше туристік өңірдің бірі саналады. Соңғы жылдары мұнда келетін саяхатшылар қатары көбейіп келеді. Өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға арналған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жыл бойы жұмыс істейтін қонақүй кешендері, туристік ауылдар, тау шаңғысы бағыттары және экологиялық туризм нысандары дамып келеді.

Фестиваль бағдарламасына мәдени, спорттық және туристік іс-шаралар енгізілген. Қонақтарға концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, қолөнершілер көрмесі, этномәдени жобалар және түркі халықтарының салт-дәстүрін таныстыратын арнайы шаралар ұсынылады.
11 шілде күні сағат 19:00-де фестиваль сахнасына Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Башқұртстан және Ресей Федерациясының Тыва Республикасынан келген өнерпаздар шығады.
Кеште Efendi, Jax, Aizana, Әлішер Байниязов, Севарахон Туланова, Мурат Япрак, Сүбедей Самдын, Hazina, NOX, Төреғали Төреәлі және Сармат топтары өнер көрсетеді. Ал кештің басты хедлайнері ретінде Димаш Құдайберген сахнаға шығады.
Ұйымдастырушылар фестивальді тек мәдени мереке емес, Шығыс Қазақстандағы туризмге жаңа серпін беретін маңызды алаң ретінде бағалап отыр. Алтай табиғаты, түркі әлемінің рухани мұрасы және халықаралық өнерпаздардың бас қосуы Катонқарағайдың туристік беделін күшейтіп, өңірді елдегі жетекші демалыс бағыттарының бірі ретінде таныта түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







