Қытай сұйық сутегімен жұмыс істейтін жаңа авиациялық қозғалтқыш сынақтан өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қытай авиациялық қозғалтқыштар корпорациясы Хунань провинциясында 900 киловаттық инновациялық турбобілік қозғалтқыштың сынақ ұшуын сәтті өткізді. Сутегімен жұмыс істейтін AEP100 қозғалтқышы SA750U пилотсыз көлік ұшағына орнатылған. Ұшақтың салмағы шамамен 7,5 тоннаға дейін жетуі мүмкін.
Қозғалтқыштың қуаты шамамен 1200 ат күшіне тең. Ол сұйық сутегіні тікелей жану камерасына беру арқылы жұмыс істейді. Сынақ ұшуы 4 сәуірде өтті. Ұшу шамамен 16 минутқа созылып, осы уақытта аппарат 300 метр биіктікке көтерілді және сағатына 210 шақырым жылдамдыққа жетті.
Қытайдың мұндай сынағы авиациядағы баламалы отын технологиясына деген қызығушылықтың күшейгенін көрсетеді. Ел бұған дейін де экологиялық таза авиациялық отын өндіру бағытында зерттеу жүргізіп жатқаны туралы мәлімет тараған. Мұның бәрі Қытайдың азаматтық және өнеркәсіптік авиацияда жаңартылатын энергия көздерін қолдануға ниетті екенін аңғартады.
Сутегі қозғалтқышына қатысты сынақ әлемде мұнай нарығы құбылып тұрған кезеңде ерекше назар аудартты. Жанармай бағасының тұрақсыздығы авиация саласына тікелей әсер етеді. Әуе компаниялары шығынының едәуір бөлігі авиациялық отынға байланысты болғандықтан, мұнай бағасындағы кез келген өзгеріс билет құнына да ықпал етеді.
Сол себепті сутегі қозғалтқыштары аэроғарыш саласындағы ең перспективалы бағыттың бірі саналады. Ірі авиаөндірушілер де осы технологияға назар аударып отыр. Airbus секілді компаниялар болашақта сутегі ұшақтарын енгізуге қатысты ұзақмерзімді мақсат қойған. Алайда технология әлі толық коммерциялық деңгейге шыққан жоқ. Оны кеңінен қолдану үшін қозғалтқыштың өзі ғана емес, тұтас инфрақұрылым қажет.
Авиациядағы жаңа отын жарысы
Қазір авиация саласында сутегі күш қондырғыларының екі негізгі бағыты қарастырылып жатыр. Біріншісі, сұйық сутегімен жұмыс істейтін турбиналық қозғалтқыштар. Екіншісі, сутегі отын элементтері арқылы электр энергиясын өндіретін қозғалтқыштар. 2025 жылы Airbus өз назарын сутегі отын элементтеріне көбірек аударатынын мәлімдеген. Ал Қытайдағы сынақ қолданыстағы турбиналық қозғалтқыш құрылымын сутегіге бейімдеу бағытының да қатар дамып жатқанын көрсетті.
Екі тәсілдің де артықшылығы бар. Бірақ екеуіне ортақ үлкен мәселе бар. Ол сутегіні ұшақ бортында сақтау. Криогенді сұйық сутегі өте төмен температурада сақталуы керек. Оның температурасы шамамен минус 253 градус Цельсий деңгейінде болуы қажет. Мұндай отынды сақтау үшін үлкен әрі ауыр резервуарлар керек. Ал авиацияда әр артық килограмм маңызды.
Осы қиындықты шешу үшін салада жеңіл, берік және қауіпсіз композитті резервуарлар қажет. Дьюар типіндегі жаңа буын ыдыстар осы мақсатта қарастырылып жатыр. Мұндай технологиялар NASA сияқты ұйымдар тарапынан да зерттелуде. Бұрын негізінен зымыран техникасында қолданылған тәжірибе енді авиацияға бейімделуі мүмкін.
Сақтау мәселесінен бөлек, сутегі авиациясын дамыту үшін жаһандық деңгейде инфрақұрылым құру қажет. Ірі әуежайлар сутегі отынын қабылдау, сақтау және ұшақтарға құю жүйесін әзірлеуі керек. Ол үшін арнайы резервуарлар, қауіпсіздік стандарттары және жеткізу тізбегі қалыптасуы тиіс. Әуе компаниялары үшін мұндай отын коммерциялық жағынан тиімді болуы үшін сутегінің бағасын төмендету де маңызды.
Үкіметтер мен компаниялар сутегіні өндірудің тұрақты әрі экологиялық таза тәсілдерін дамытуға мәжбүр болады. Себебі сутегі таза отын саналуы үшін оны өндіру процесі де көміртегі ізін аз қалдыруы керек. Әйтпесе ұшақтағы шығарындыларды азайту өндіріс кезіндегі шығынмен көмескіленуі мүмкін.
Авиация саласы алдағы кезеңде аралас отын моделіне көшуі ықтимал. Қазірдің өзінде әлемдегі бірқатар әуе компаниясы экологиялық таза авиациялық отынды шектеулі көлемде пайдаланып жүр. Мұндай отын өсімдік майынан, биомасса қалдықтарынан және басқа да жаңартылатын шикізаттан өндіріледі. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, ол әдеттегі реактивті отынмен белгілі бір үлесте араластырылып, қазіргі ұшақтарға қосымша модификациясыз қолданылуы мүмкін.

Сутегі авиациясы толық дамығанға дейін дәл осы экологиялық таза авиациялық отын өтпелі кезеңнің негізгі құралы болуы ықтимал. Ал ұзақмерзімді перспективада сутегі қозғалтқыштары мұнайға тәуелділікті азайтып, әуе тасымалы нарығын жанармай бағасының күрт құбылуынан қорғауға көмектесуі мүмкін.
Қытайдағы AEP100 қозғалтқышының сынағы осы жолдағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Әзірге 16 минуттық ұшу коммерциялық авиациядағы үлкен өзгеріс деген сөз емес. Бірақ ол сутегімен жұмыс істейтін ұшақ қозғалтқыштарының теориядан тәжірибеге көшіп жатқанын көрсетті. Ендігі шешуші мәселе технологияны қауіпсіз, арзан және кең көлемде қолдануға жарамды деңгейге жеткізу болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







