Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол қозғалысы, цифрландыру, дербес деректерді қорғау және озық технологияларды қолдану мәселелерін қамтитын заңға қол қойды. Құжаттағы маңызды жаңалықтың бірі электр көліктеріне арналған жеке мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін енгізу болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа норма электромобильдерді жол үстінде тез тануға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі бұған дейін бөлек нөмірлер экологиялық көлікті айқындау үшін қажет екенін түсіндірген. Егер алдағы уақытта электромобильдерге арнайы жеңілдік, бөлек тұрақ тәртібі немесе өзге де жағдай қарастырылса, мұндай көліктерді анықтау жеңілдейді.
Электрокөліктерге арналған нөмірлер стандартты мемлекеттік нөмірлерден визуалды түрде ерекшеленуі мүмкін. Бастаманы талқылау кезінде Ішкі істер министрлігі халықаралық тәжірибеге сүйенген. Көп елде экологиялық көлікке жасыл түсті элементтері бар нөмір беріледі.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бұған дейін әлемдік тәжірибеде мұндай нөмірлер жасыл түспен ерекшеленетінін айтып, бұл мәселе пысықталып жатқанын жеткізген еді.
Жаңа бастама Қазақстанда электр көлігіне қызығушылық артып келе жатқан кезеңде қабылданып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың басында елде 24 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Бірнеше жыл бұрын олардың саны небәрі бірнеше мың ғана болған.
Дегенмен арнайы нөмірлер бірден беріле бастайды деуге ерте. Заң күшіне енгеннен кейін уәкілетті органдар оларды беру тәртібін, техникалық талаптарын және басқа да қажетті құжаттарды бекітуі керек. Содан кейін ғана электромобиль иелері жаңа форматтағы мемлекеттік нөмір ала алады.
Осылайша, Қазақстан электр көлігін жол қозғалысы жүйесінде жеке санат ретінде тануға қадам жасап отыр. Енді электромобильдер басқа көліктен тек түтін шығармайтынымен ғана емес, мемлекеттік нөмірі арқылы да ерекшеленуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







