Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжатқа екі елдің ішкі істер министрліктерінің басшылары қол қойды. Меморандум әзірге күшіне енген жоқ. Ол тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаннан кейін қолданысқа енгізіледі.
Polisia.kz мәліметінше, жаңа келісім Қазақстан мен БАӘ азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған. Құжат күшіне енген соң ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және белгіленген жағдайларда оларды жеңілдетілген тәртіппен айырбастау мүмкіндігі қарастырылады.
Бұл бастама әсіресе Біріккен Араб Әмірліктеріне жиі баратын қазақстандықтар үшін маңызды. Жыл сайын БАӘ-ге шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады. Сонымен қатар 14 мыңға жуық қазақстандық осы елде тұрақты тұрады.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, меморандум сол азаматтарға жүргізуші куәлігін пайдалану және айырбастау кезінде қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Яғни құжат күшіне енгеннен кейін екі ел азаматтары үшін көлік жүргізуге қатысты бірқатар рәсім жеңілдеуі мүмкін.
Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов БАӘ-ге араб тарапының шақыруымен барған. Сапар барысында тек жүргізуші куәліктерін өзара тану мәселесі ғана талқыланған жоқ.
Тараптар қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайын да қарады. Оның ішінде ұйымдасқан трансұлттық қылмыс, киберқылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, қылмыскерлерді іздестіру, жедел ақпарат алмасу, заманауи технологияларды енгізу және кадр даярлау мәселелері бар.
Осылайша, қол қойылған меморандум екі ел арасындағы құқықтық және көлік саласындағы байланысты кеңейтетін қадам болып отыр. Ендігі маңызды кезең, құжаттың ішкі рәсімдерден өтіп, нақты күшіне енуі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







