Оңтүстік Кореяда арнайы прокурор бұрынғы президент Юн Сок Ёльге өлім жазасын сұрады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс Сеул Жоғарғы сотында қаралып жатыр. Әңгіме 2024 жылғы желтоқсанда әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысты. Айыптау тарапы бұл оқиғаны бүлік ұйымдастыру деп бағалайды.
25 маусымда өткен апелляциялық отырыста арнайы прокурор бірінші инстанция үкімін тым жұмсақ деп атады. Бұған дейін сот Юн Сок Ёльді өмір бойына бас бостандығынан айырған еді.
Прокурорлар бұрынғы президентке өлім жазасын бірінші инстанцияда да сұраған. Енді сол талап апелляциялық сотта қайта көтерілді.
Апелляциялық процесс бір айлық үзілістен кейін жалғасты. Бұған Юн Сок Ёльдің сот құрамына қарсылық білдіруі себеп болған. Бірақ Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты оның өтінішін қанағаттандырмады.
Айыптау тарапы бірінші инстанцияның кей дәлелді қабылдамауымен де келіспейді. Нақтырақ айтқанда, бұрынғы барлау қолбасшылығы басшысы Но Сан Вонның қолжазба жазбалары дәлел ретінде танылмаған.
Арнайы прокурордың нұсқасы бойынша, бұл жазбалар әскери жағдай енгізуге дайындық болғанын көрсетуі мүмкін. Осы іс аясында бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хёнге де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Бұған дейін ол 30 жылға сотталған.
Юн Сок Ёль бірнеше іс бойынша жауапқа тартылып жатыр. Олардың бәрі 2024 жылғы әскери жағдай енгізу әрекетімен байланысты. Бұған дейін ол ұстауға кедергі келтіру ісі бойынша 5 жылға сотталған. Кейін бұл жаза 7 жылға дейін күшейтілді.
Билік пен бүлік арасы
Маусым айында Сеул соты оны Солтүстік Кореяға қарай ұшқышсыз аппарат жіберу ісі бойынша 30 жылға бас бостандығынан айырған. Айыптау тарапының пікірінше, бұл әрекет әскери жағдай жариялауға сылтау жасау үшін ұйымдастырылған болуы мүмкін.
Юн Сок Ёль өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол әскери жағдай енгізу президенттік өкілеттік аясында қабылданған шешім болды деген ұстанымда.
Прокуратура бұл уәжбен келіспейді. Айыптау тарапы бұрынғы президенттің әрекеті елдегі демократиялық институттарға қауіп төндірді деп санайды.
Бұл процесс Оңтүстік Кореяның қазіргі саяси тарихындағы ең ауыр сот істерінің біріне айналды. Себебі айыпталушы қатардағы шенеунік емес, елді басқарған бұрынғы президент.
Енді соңғы шешімді апелляциялық сот қабылдайды. Сот бірінші инстанция үкімін күшінде қалдыруы мүмкін. Немесе арнайы прокурор талабын ескеріп, жазаны қатаңдатуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







