Бүгін, 18 тамызда «24KZ» телеарнасында «Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасына қатысатын саяси партиялардың сөз сөйлеу кезегін анықтау үшін жеребе тартылды. 19 тамызда өтетін қорытынды теледебатта жеті партия көшбасшысы бір алаңда бас қосады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«24KZ» телеарнасының мәліметінше, жеребе рәсімі басты теледебатқа бір күн қалғанда, сағат 10:00-де тікелей эфирде өтті. Нәтижесінде партиялардың пікірталас барысында сөз алатын реті белгіленді.
Жеребеге «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Чинкисбаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан орталық аппарат жетекшісі Мақсұт Насибулов, «Байтақ» партиясынан кандидат Нариман Баубек қатысты.
Қазақстан Халық партиясының атынан төраға орынбасары Бейбіт Құсайынов, «Ауыл» партиясынан төраға орынбасары – аппарат басшысы Шахмардан Байманов, «Ақ жолдан» республикалық штаб жетекшісі Асылхан Қожахметов, Respublica партиясынан төраға орынбасары – Орталық аппарат жетекшісі Жанат Искаков келді.
Жеребе қорытындысы бойынша дебатты Respublica партиясы бастайды. Одан кейін «Байтақ», «Ақ жол», «Әділет», «Ауыл», ЖСДП және Қазақстан Халық партиясы сөз алады.
Рәсім «24KZ» телеарнасының YouTube, Instagram, Facebook және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей көрсетілді. Жеребе нәтижесі де осы платформалар арқылы жарияланды.
«Басты дебат – 2026» 19 тамыз күні сағат 20:00-де «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде өтеді. Ол ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қорытынды телевизиялық пікірталас болмақ.
Дебаттың негізгі тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам». Саяси пікірталасты тележүргізушілер Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай жүргізеді.
Азаматтардан келетін сауалды байланыс орталығы арқылы Сағыныш Әбікей қабылдайды. Эфир барысында жеті саяси партияның көшбасшысы экономикалық даму, қоғамның әл-ауқаты және елдің алдағы саяси бағытына қатысты көзқарасын ортаға салады.
Сайлау науқанының қорытынды кезеңінде өтетін дебат партияларға бағдарламалық ұстанымын тікелей салыстыруға мүмкіндік береді. Көрермен үшін де түрлі саяси позицияны бір алаңда бағалап, 23 тамыздағы таңдау алдында партиялардың нақты ұсыныстарын тыңдайтын шешуші эфирдің бірі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







