Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Мұндай қорытынды ТМД байқаушылар миссиясының 3-17 тамыз аралығын қамтыған аралық есебінде айтылған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжаттың жеке бөлігі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына және барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын даярлауға арналған. Миссия өкілдерінің бағалауынша, ОСК сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Дауыс беруді Орталық сайлау комиссиясы, 247 аумақтық және 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді. Соның ішінде 79 учаскелік комиссия Қазақстаннан тыс жерде құрылған.
ТМД байқаушылары сайлауды ұйымдастыратын мамандардың кәсіби даярлығына ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оқыту үш кезеңнен тұратын каскадты модель бойынша жүргізіліп жатыр.
Алғашқы кезеңде ОСК тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейтін аумақтық комиссия мүшелерін қашықтан оқытқан. Кейін даярлықтан өткен мамандар аумақтық комиссиялардың өзге мүшелеріне, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың 31 мыңнан астам төрағасы, төраға орынбасары мен хатшысына білім береді.
Үшінші кезеңде учаскелік комиссия басшылары алған білімін комиссияның қалған мүшелеріне жеткізеді. Осылайша сайлау күні жұмыс істейтін мамандарды даярлау бірыңғай әдістеме бойынша төменгі деңгейге дейін қамтылған.
Оқыту үшін арнайы оқу-әдістемелік кешен әзірленген. Оның құрамына сайлау заңнамасына қатысты түсіндірмелер мен қажетті құжаттардың үлгілері енгізілген.
Даярлық тек теориялық сабақпен шектелмейді. Өңірлерде кеңейтілген семинар-кеңестер өткізіліп, сайлау учаскелерінде туындауы ықтимал проблемалық жағдайлар мен комиссия мүшелерінің әрекет ету алгоритмдері талқыланған.
Учаскелік сайлау комиссиялары үшін дауыс беру күніндегі жұмыс тәртібін түсіндіретін жеке оқу фильмі де дайындалды.
ТМД миссиясы білім деңгейін тексеру жүйесіне де назар аударған. Оқыту аяқталғаннан кейін аумақтық және учаскелік комиссия мүшелері міндетті қашықтан тестілеуден өтіп, нәтижесі бойынша электрондық сертификат алады.
Аралық есепте саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар және аккредиттелген байқаушылар үшін өткізілген оқыту семинарлары да оң тәжірибе ретінде аталған.
Миссия Орталық сайлау комиссиясы жұмысының ашықтығын да жеке атап өтті. ОСК отырыстары онлайн көрсетіліп, сурдоаударма қолданылып келеді. Жиындарға мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысады.
Сонымен бірге журналистер үшін тұрақты брифингтер өткізіліп, қабылданған шешімдерге түсініктеме беріледі. ТМД байқаушылары мұндай форматтарды сайлау процесінің жариялылығын қамтамасыз ететін тетіктердің бірі ретінде бағалаған.
Аралық есепке сүйенсек, сайлауға дайындық көпдеңгейлі жүйе ретінде құрылған. Оның аясында ондаған мың комиссия мүшесін оқыту, ықтимал жағдайларды алдын ала модельдеу, ОСК жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және партиялармен, БАҚ өкілдерімен әрі байқаушылармен өзара байланыс қатар жүргізіліп жатыр.
ТМД байқаушылар миссиясы Құрылтай сайлауына қатысты түпкілікті бағасы мен қорытындысын дауыс беру күні аяқталғаннан кейін жариялайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







