Алматы облысында отбасындағы жанжалдан кейін өзіне қол жұмсаған әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның әпкесі күйеуі сіңлісінің қолын сындырып, аяғымен тепкілегенін мәлімдеді. Артында екі жасар егіз балалары қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы оқиғаны «НеМолчиKZ» қоры жариялады. Марқұмның әпкесі қорға хабарласып, істі бақылауға алуды және өлімнің алдындағы барлық жағдайды мұқият тексеруді сұраған.
Оның сөзінше, 2026 жылғы 23 шілдеде сіңлісі мен күйеуінің арасында отбасылық жанжал болған. Сол кезде ер адам әйелдің қолын сындырып, бірнеше рет тепкен.
«Ұялғанынан әрі ата-анамызды аяғандықтан, сіңлім болған жағдайды маған айтпапты. Өмірден өтерінен бір сағат бұрын ғана бәрін хабарлады. Екі жасар егіз балаларын екінші әпкеміздің қамқорлығына қалдырып, 26 шілдеде өмірімен қоштасты. Біз әділ әрі объективті тергеу жүргізуді талап етеміз», — делінген марқұмның әпкесі жолдаған хабарламада.
Әпкесінің мәлімдемесіне қарағанда, әйел зорлық-зомбылық туралы туыстарына ұзақ уақыт бойы айтпай келген. Соңғы сағатында ғана басынан өткен жағдайды бөлісіп, балаларын жақынына аманаттаған.
Алматы облысының полиция департаменті әйелді өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция тергеу кезінде тараптар келтірген уәждердің бәрі тексерілетінін жеткізді. Сараптама қорытындысы мен жиналған айғақтар негізінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Тергеу енді марқұмның қолы қалай сынғанын, денесінде өзге жарақат болған-болмағанын, 23 шілдедегі отбасылық жанжал мен үш күннен кейінгі қазаның арасында қандай байланыс барын анықтауға тиіс. Әпкесінің күйеуіне қатысты айтқан айыптары әзірге тергеу қорытындысымен бекітілген жоқ.
Жуырда Жамбыл облысының Меркі ауданында да сегіз айлық сәбиі бар 19 жастағы әйелдің өлімінен кейін осындай баппен қылмыстық іс қозғалған еді. Марқұм өлерінің алдында құрбысына күйеуінің бір «Барни» бисквиті үшін ұрғанын жазған. Қатарынан болған екі қаза отбасындағы зорлық туралы үнсіз қалудың қаншалықты қатерлі екенін тағы көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







