Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елде әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық туралы суық хабарлар жиілеген тұста арнайы мәлімдеме жасады. Дін қайраткері әйелге қол көтеру ерлікке жатпайтынын айтып, ер азаматтарды ашуын ақылға жеңдіруге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас мүфтидің айтуынша, адамның өз отбасында жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы айрықша ауыр. Өйткені отбасы қорқыныш ордасына емес, әр адам өзін қауіпсіз сезінетін мекенге айналуға тиіс.
«Әйел бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ төрағасы Мұхаммед пайғамбардың «Сендердің ең жақсыларың отбасына жақсы болғандарың» деген өсиетін еске салды. Оның сөзінше, ер азаматтың шынайы күші жұдырықпен өлшенбейді. Нағыз мықтылық – ашуға берілмей, сабыр сақтап, жанындағы адамға сүйеніш бола білуде.
«Әйелді жылату азаматтық емес. Әйелге қорған болу ердің міндеті. Ашу басылады, ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді», – деді ол.
Бас мүфти тұрмысқа шыққан әрбір қыздың артында оны аялап өсірген әке-шешесі тұрғанын да айтты. Қызын ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған ата-ананың жалғыз тілегі – баласының барған жерінде бақытты болуы.
«Отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс. Сол аманатқа қиянат жасамайық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Контекст
Мүфтидің мәлімдемесі Қазақстанның бірнеше өңірінде жас әйелдердің қазасына байланысты қылмыстық істер тергеліп жатқан шақта жарияланды.
Алматы облысында екі жасар егіздердің анасы қайтыс болғаннан кейін өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның әпкесі отбасылық жанжал кезінде әйелдің күйеуі тарапынан соққыға жығылып, қолы сынғанын мәлімдеді. Полиция бұл айтылғандарды тексеріп, қажетті сараптамалар тағайындағанын хабарлады. Әзірге тергеудің түпкілікті қорытындысы шыққан жоқ.
Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының өліміне қатысты да сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның құрбысы Мадинаның қазасына дейін күйеуінің өзіне қол көтергенін, соңғы жанжал бір «Барни» бисквитінен басталғанын жазғанын жариялады. Оның артында сегіз айлық сәбиі қалды. Бұл іс те өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тергелуде.
Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуі әйелді төмендетуді, қорқытуды және ұрып-соғуды дінмен де, еркектікпен де ақтауға болмайтынын ашық айтқан мәлімдеме. Оның пайымынша, әйелге үстемдік жүргізу күштің белгісі емес. Ер азаматтың қадірі отбасына көрсеткен қамқорлығы мен жауапкершілігінен көрінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







