Тимур Турлов Қазақстанның қазіргі мүмкіндігі мен болашағына қатысты ой бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Freedom Holding Corp. басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында Жапониядан Бельгияға бара жатқан жолда Алматыда жексенбі күнін өткізгенін жазды. Оның айтуынша, демалыс күні Алматыдағы өзен жағасында серуендеу адамға ерекше қуат береді. Осындай сәттерде елде өмір сүрудің қадірін, қазіргі күрделі кезеңнің өзіндегі мүмкіндіктерді қайта ой елегінен өткізесің дейді ол.
Турловтың пікірінше, Қазақстанның басты артықшылығының бірі, елдің жастығында. Оның айтуынша, мұнда отбасын ерте құру, көп балалы болу дәстүрі әлі де сақталған. Бай елдердің көбі мұндай демографиялық қуаттан айырылып қалған. Ал Қазақстан үшін жас ұрпақ, көп бала, еңбекке құштар орта үлкен ресурс саналады.
Кәсіпкердің бағалауынша, дәл осы демографиялық энергия елге жаңа серпін береді. Жастар өзгеріске дайын. Олар бизнес құруға, жұмыс істеуге, жаңа мамандық пен технологияны меңгеруге ұмтылады. Турлов мұны Қазақстанның ең мықты активтерінің бірі деп санайды.
Ол Қазақстанның экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Турловтың жазуынша, сатып алу қабілеті паритеті бойынша жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімде Қазақстан Түркия, Грекия және Қытайдан алда тұр. Оның айтуынша, 2025 жылы ел осы көрсеткіш бойынша Ресейден де озған.
Кәсіпкер Қазақстанның өсім қарқынына ерекше мән береді. Оның пікірінше, әлем экономикасы орта есеппен 2-3 пайыз өсіп жатқанда, Қазақстан 5-6 пайыздық өсім көрсетіп отыр. Бұл елге жаңа технологияға, білімге және халықаралық әріптестікке тезірек қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Турловтың айтуынша, Қазақстанда жоғары білімге, жасанды интеллектке және жаңа технологияларға сұраныс өте жоғары. Мемлекет те білім саласына тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейде қаржы бағыттап жатыр. Оның ойынша, адам капиталының өсуі әр келесі буынның тиімдірек жұмыс істеуіне және көбірек құндылық жасауына жол ашады.
Ол қазақстандықтарды технооптимист әрі кәсіпкер ұлт деп сипаттады. Турловтың пікірінше, елдегі адамдар жауапкершіліктен және тәуекелден қорықпайды. Олар үлкен нәрсе жасауға болатынын түсінеді және азға қанағат ете бермейді.
Кәсіпкер Қазақстанда соңғы жылдары мықты технокәсіпкерлер шоғыры қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орта кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұған елдегі еркіндік, жоғары деңгейдегі басымдықтар және дала мәдениетінде бұрыннан бар ішкі рух әсер еткен.
Турловтың жазбасындағы негізгі ой, Қазақстанның ең үлкен капиталы тек жері мен қазба байлығы ғана емес, адамдары. Жас буын, білімге құштарлық, технологияға ашықтық және кәсіпкерлік мінез елдің алдағы дамуына негіз бола алады.
Оның пікірінше, қазіргі күрделі әлемде Қазақстанның жолы болды деуге негіз бар. Себебі ел жас, энергиясы мол, мүмкіндігі кең және жаңа экономикаға бейімделуге қабілетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







