Журналист әрі блогер Сырым Итқұлов Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдіргендер қатарының азайғанына назар аударды. Ол Instagram парақшасында 2019 және 2026 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып, қазақстандықтар өз төлқұжатын көбірек бағалай бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақстандықтар көк төлқұжатқа барған сайын мықтап жабысуда. ҚР азаматтығынан бас тартатындар саны азайып келеді», – деп жазды Итқұлов.
Блогер өз жазбасында 2019 жылғы 1700 өтініш пен 2026 жылғы 43 өтінішті салыстыра отырып, деректерді келтірді. Ол сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер санының алты есе артқанын жеткізді.
Итқұлов визасыз сапарлар тақырыбын да қозғап өтті.
«Оның үстіне біздің төлқұжатпен 80 елге визасыз баруға болады. Бізде іс жүзінде Орталық Азиядағы ең күшті төлқұжат бар», – деп жазды блогер.
Ол сапар шегу мүмкіндіктерінің кеңеюін Президенттің халықаралық деңгейдегі белсенді жұмысымен байланыстырды.
Ресми статистика не көрсетеді
Азаматтықтан шығуға берілетін өтініштер санының азайғаны туралы мәліметтерді бұған дейін Ақорда жариялаған болатын. Хабарламаға сәйкес, 2019 жылы олардың саны 1,7 мың болса, 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, ал 2022 жылы 114 болған. Кейіннен бұл көрсеткіш 2023 жылы 107-ге, 2024 жылы 77-ге және 2025 жылы 68-ге дейін төмендеген.
Қазақстан азаматтығын кімдер алуда
Азаматтыққа қабылдау жөніндегі қосымша мәліметтерді Ішкі істер министрлігі жариялады.
Ведомствоның кестесіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Президент жарлықтарымен Қазақстан азаматтығына 279 адам қабылданса, жеңілдетілген тәртіппен 9243 адам өткен. Жалпы алғанда бұл – 9522 жаңа азамат.
Жеңілдетілген тәртіппен қабылданғандардың ішінде 7518 қандас бар. Тағы 972 адам Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы келісім бойынша, ал 710 адам Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы конвенция негізінде азаматтық алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







