Астанадағы «Қазанат» ипподромында BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалінің екінші күні басталды. Ұлттық тағам, қымыз мәдениеті мен ат спорты тоғысқан думанды шараға бүгін, 12 шілдеде мыңдаған қонақ жиналады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фестивальге келген жұрт қымыз бен өзге де ұлттық сусындардан дәм татып, дәстүрлі тағам әзірлеудің қыр-сырына арналған шеберлік сабақтарына қатыса алады. Қолөнер көрмелері мен мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылады.
Ипподром төрінде көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу және дәстүрлі садақ атудан сайыс өтеді. Сонымен қатар «Қой көтеру», «Жілік сындыру», шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқыларды таныстыру, ER QANATY тұлпарлар шеруі мен шабандоздардың өнері көрерменге жол тартады.
Күн бағдарламасына «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» байқауының ақтық кезеңі, қымыз өндірушілер арасындағы халықаралық сайыс және қазақстандық танымал өнерпаздардың концерті енгізілген.
Фестивальге кіру үшін бір күндік билет сатып алу қажет. Зейнеткерлер мен 16 жасқа толмаған балалар шараға тегін қатыса алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







