Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге асықпайды. 10 шілдеде өткен брифингте айтылған деректерге қарағанда, алдағы отырыста қазіргі мөлшерлеме сақталуы ықтимал, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас банкир Тимур Сүлейменов инфляцияның мамырдағы 10,4 пайыздан 10,3 пайызға ғана баяулағанын айтты. Айлық инфляция да болжанған межеден жоғары шыққан.
Реттеуші көрші елдердегі жанар-жағармай бағасының өсу қаупін де назарда ұстап отыр. Сүлейменовтің сөзінше, мәселе Ресеймен ғана шектелмейді. Мәскеу отынына тәуелді Өзбекстан мен Қырғызстандағы жағдай да жіті бақыланады.
«Жеміс-жидек пен көкөніс маусымы азық-түлік бағасына едәуір тежеу болады деп күткен едік. Әзірге солай бола ма, жоқ па белгісіз. Сондықтан жағдайды өте мұқият қадағалаймыз. Әрине, инфляция төмендеп, базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бергенін қалар едік. Бірақ қазірден болжап, оқиғаның алдын ораудың қажеті жоқ», — деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банктің сақтық танытуына баяу басылған инфляция, күткеннен жоғары айлық өсім және жанармай нарығындағы сыртқы тәуекелдер себеп болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







