Көкшетаудағы барбершопта қазақ әнінен басталған дау сегіз тәулік қамаумен аяқталды. Әріптесі қосқан әнді өшіріп, қорлай сөйлеген тұрғын ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға 2025 жылғы желтоқсанда болған. Жұмыс кезінде Алмагүл есімді барбершоп қызметкері қазақша ән қосады. Алайда әріптесі музыканы дереу өшіріп тастап, арадағы сөзталас кезінде ауыр сөз айтқан.
Сотта куәлік берген қызметкер жанжалдың қалай басталғанын баяндады.
«29 желтоқсанда қазақша ән қойғым келгенде әріптесім «Жоқ, керек емес, ондай әндерді тыңдамаймыз», — деп үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Мен бәрібір музыканы қосып кеттім. Кейін клиенттерім кеткен соң әріптесімнен музыканы не үшін өшіргенін сұрадым. Ол болса «Мен саған айттым ғой, біз мұндайды тыңдамаймыз. Мұндай боқты кім тыңдайды?!» – деді. Осыдан кейін қатты сөзге келіп қалдық», — дейді Алмагүл.
Айтуынша, мекемеде орыс, түрік, грузин тіліндегі әндер күнделікті еркін қойылғанымен, қазақша әндерді қоюға қатаң түрде тыйым салынған көрінеді.
Сот әйелдің әрекетін айналасындағыларды сыйламау және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалап, ұсақ бұзақылық бабымен саралаған.
Алғашқыда полиция Алмагүлдің шағымына мән бермеген. Қоғамдық белсенді Диас Құзайыровтың прокуратураға арызынан кейін ғана құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болды.
«Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік хаттамамен, өзінің түсініктемесімен, куәгер жауабымен, бейнежазбамен және істің өзге де материалдарымен дәлелденді. Әйел хаттамамен келісіп, қарсылық білдірген жоқ», – делінген сот хабарламасында.
Көкшетау тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған шағым беруге болады.
Еске сала кетсек, осыған ұқсас оқиға бұған дейін Қостанайда да болған. TikTok желісінде тікелей эфирде отырған әйел қазақ ұлтына тіл тигізіп, кейін сол сөзі үшін екі жылға сотталып тынған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







