Ақтөбеде ҰБТ-дан 140 балл жинаған үш түлекке құны шамамен 50 миллион теңгелік пәтерлер сыйланғаны біреуді сүйсіндірсе, енді бірін ашындырды. Журналист Гүлбану Әбенова дарынды балаларды қолдауға қарсы емес екенін, алайда мұндай марапаттың ортақ әрі әділ ережесі болуы керектігін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналистің пайымынша, ең әуелі өңірлер арасындағы теңсіздікке жауап берілуі тиіс.
«Неліктен мұндай тәжірибе бір ғана өңірде бар? Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қостанай немесе өзге облыстарда 140 балл жинаған балалар аз оқыды ма? Олардың білімі төмен бе, еңбегі еленуге лайық емес пе?» — дейді ол.
Гүлбану Әбенова 140 және 139 балл жинаған түлектің арасындағы айырмаға да назар аударды. Кей жағдайда тағдырды бір тест сұрағы, бір кездейсоқ қате немесе даулы жауап шешіп кетуі мүмкін.
«Түптеп келгенде, бір бала пәтер иесі атанады. Ал білімі мен дайындығы одан еш кем емес екінші түлек құралақан қалады. Араларындағы айырмашылық небәрі бір балл болса, мұны қалай әділетті жүйе дейміз?» — деп жазды журналист.
Автор дарынды оқушыны ынталандыру қажет екенін жоққа шығармайды. Алайда марапаттау тәртібі алдын ала айқындалып, елдің барлық баласына бірдей мүмкіндік берілуі керек деп есептейді.
Егер пәтер беру мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болса, мұндай қолдау Қазақстанның әр өңірінде тең жүруге тиіс. Ал бастама жергілікті әкімдікке немесе меценаттарға тиесілі болса, өзге облыстардың үздік түлектерін неге назардан тыс қалдыратыны тағы түсініксіз.
Журналист мәселенің тағы бір қауіпті қырына тоқталған екен. ҰБТ нәтижесіне ондаған миллион теңгелік сыйақы байланған сайын, ұпайдың құны да арта түседі. Сыйлық қымбаттаған жерде ережені айналып өтуге, таныс іздеуге немесе жүйенің әлсіз тұсын пайдалануға деген тәуекел де күшейеді.
«Сондықтан мұндай бастамаларға абсолютті ашықтық пен мінсіз бақылау қажет. Әйтпесе балаларды жігерлендіреміз деп отырып, қоғамдағы күдік-күмәнді өршітіп, тағы бір әділетсіздік туғызып алуымыз мүмкін», — дейді ол.
Гүлбану Әбенованың сөзінше, білімді бағалау керек. Бірақ Қазақстандағы әр талантты бала өзін өзгеден кем сезінбеуі одан да маңызды.
«Әйтпесе қуаныш пен шабыттың орнына көп баланың көкейінде бір ғана сұрақ қалады. Неге біріне бәрін үйіп-төгеді, ал екіншісіне неге ештеңе жоқ? Біз әділетті қоғам құрамыз дейміз. Тіпті биліктегі партияның атын да “Әділет” деп қойдық. Ендеше есейіп, үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жас азаматтар сол жолдың басында-ақ кемсітушілік пен әділетсіздікке тап болмауы керек», — деп түйіндеді журналист.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







