Қазақстанда суға түсу маусымы басталғалы 69 бала су айдындарында қаза тапты. Ішкі істер министрлігі қайғылы жағдайдың негізгі себептерін атап, ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, жазатайым оқиғалар көбіне шомылуға жабдықталмаған аумақта тіркеледі. Жабайы жағажайларда су түбі тексерілмейді, қатты ағыс, иірім, тас пен қоқыс секілді қауіп болуы мүмкін.
Балалардың қаза табуына ересектердің жауапсыздығы да әсер етіп отыр. Кейбір демалушы алкогольдік ішімдікке салынып, жағалаудағы балаларды қараусыз қалдырады. Соның салдарынан кәмелетке толмағандар қауіпті жағдайда жалғыз қалады.
Ішкі істер министрлігі тыйым салынған жерде суға түскені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жыл басынан бері аталған талапты бұзған 2700 адам жауапқа тартылған.
Құтқарушылар тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылуға кеңес береді. Су маңында жүрген баланы бір сәтке де назардан тыс қалдырмау қажет.
Ата-аналар балаға бейтаныс су айдынының қаупін алдын ала түсіндіруге тиіс. Қатты ағыс, су астындағы иірім, тас пен тұрмыстық қалдық адам өміріне қатер төндіруі ықтимал.
Мамандар аптап ыстықта бірден салқын суға түсу де денсаулыққа қауіпті екенін ескертеді. Температураның күрт өзгеруі қан тамырларының түйілуіне және бұлшықеттің құрысуына әкелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







