Әлеуметтік желіде алдыңғы орындықтағы пакет үшін жүргізушіге айыппұл салынғаны туралы ақпарат тарады. Алматы полициясы мұндай мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, интернетте жарияланған сурет автоматты тіркеу жүйесі жинаған материалдың бір ғана бөлігі болған. Жеке кадр әкімшілік жауапкершілікке тартудың нақты себебін толық көрсетпейді.
Полицияның түсіндіруінше, көліктің алдыңғы орындығындағы пакет тіркеу нысанына жатпаған және айыппұл салуға еш қатысы болмаған. Жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Аталған құқық бұзушылықты автоматтандырылған бақылау жүйесі тіркеген. Мұндай кешен шешімді бір суретке сүйеніп шығармайды. Әкімшілік қаулы қабылданған кезде бейнежазба, фотоматериал және өзге де дәлел толық зерделенеді.
Контекстен бөліп алынған жалғыз кадр құқық бұзушылықтың мән-жайын бұрмалап көрсетуі мүмкін. Сол себепті әлеуметтік желіде тараған сурет айыппұлдың нақты себебін дәлелдейтін толыққанды материал саналмайды.
Автоматты камералар статикалық суретпен қатар бейнематериалды да пайдаланады. Жүйе тіркелген деректі өңдеп, дәлелдер жиынтығы негізінде әкімшілік қаулы қалыптастырады.
Полиция айыппұлмен келіспеген әр азаматтың шешімге шағымдануға құқығы бар екенін еске салды. Жүргізуші уәкілетті органға өтініш бере алады немесе сот тәртібімен даулай алады.
Алматы полициясы әлеуметтік желі қолданушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарын мәліметті жарияламас бұрын тексеруге шақырды. Көрінеу жалған ақпарат тарату оның сипаты мен салдарына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







