Алматыда жол жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс сызбасы өзгерген аумақтардағы бейнекамералар алдын ала қайта бапталады. Уақытша ұйымдастырылған қозғалыс тәртібіне байланысты жүргізушілерге негізсіз айыппұл салынбауы тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаладағы ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізушілерді күнделікті бағытын өзгертуге мәжбүрлеп отыр. Кей аумақта автокөлік иелері жол құрылысын айналып өту үшін тұтас сызықты кесіп, уақытша автобус жолағына шығуға мәжбүр болады.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, уақытша қозғалыс сызбасы енгізілген учаскелердегі фото және бейнетіркеу кешендері алдын ала қайта бапталады. Камералар жөндеу жұмысына байланысты жасалған маневрді жол ережесін бұзу ретінде тіркемеуге тиіс.
Мысалы, Төле би көшесіндегі жөндеу кезінде автоматты кешендердің параметрлері уақытша қозғалыс тәртібіне сәйкестендірілген. Полиция өкілдері камералар жол жөндеуге байланысты туындаған әрекеттер үшін айыппұл жазбайтынын түсіндірді.
2026 жылдың соңына дейін Момышұлы көшесінің Мөңке би көшесіне дейінгі бөлігінде автобус жолағымен жүрген көліктерді тіркейтін камералар өшірілген. Осындай тәртіп Төле би көшесінің Момышұлы көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінде де қолданылады.
Жөндеу кезеңінде жүргізушілерге аталған учаскелердегі арнайы жолақпен жүруге рұқсат берілген. Алайда жеңілдік тек ресми түрде белгіленген аумақтарға қатысты. Қаланың өзге бөлігіндегі автобус жолағына шығу бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Жүргізуші айыппұлды негізсіз деп санаса, қаулыға шағымдануға құқылы. Әр өтініш жеке қаралады. Тексеру кезінде әрекеттің уақытша қозғалыс сызбасына немесе өзге объективті жағдайға байланысты болғаны анықталса, қаулының күші жойылуы мүмкін.
Шағымды eGov, eOtinish немесе Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі арқылы беруге болады. Жүргізуші әкімшілік практика бөлімшесіне өзі де жүгіне алады. Өтініш айыппұл туралы қаулы алынған күннен бастап он тәулік ішінде тапсырылуға тиіс.
Полиция жол жөндеу жұмыстарына қарамастан, ауыр апатқа әкелетін негізгі құқық бұзушылықтарға бақылау бәсеңдемейтінін ескертті. Жыл басынан бері Алматыда шамамен 3,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Апаттардың негізгі себептері қатарында жылдамдықты асыру, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, маневр жасау тәртібін бұзу, жол белгілері мен таңбаларын елемеу бар. Көлікті мас күйде басқару да ең қауіпті құқық бұзушылықтың бірі болып отыр.
Жыл басынан бері Алматыда мас күйде көлік жүргізген шамамен 1300 адам жауапкершілікке тартылған. Тағы 1700 адам әкімшілік қамауға алынған. Полиция жүргізушілерді жөндеу жүріп жатқан аумақта жол белгілеріне мұқият қарап, уақытша қозғалыс сызбасын сақтауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







