Астрономдар Жерден шамамен 49 жарық жылы қашықта орналасқан LHS 1140 b экзопланетасының атмосферасынан гелий іздерін анықтады. Ғалымдар аталған жаңалықты Күн жүйесінен тыс тіршілікке қолайлы әлемді іздеудегі маңызды қадам деп бағалап отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
LHS 1140 b көмескі қызыл ергежейлі жұлдызды айналып жүреді. Көлемі Жерден сәл үлкен, ал массасы шамамен бес есе ауыр. Планета өз жұлдызының «тіршілік белдеуінде» орналасқан. Мұндай аймақтағы температура суға ғаламшар бетінде сұйық күйде сақталуға мүмкіндік беруі ықтимал.
Science журналында жарияланған зерттеудегі модельдер LHS 1140 b суы мол әлем болуы мүмкін екенін көрсетті. Болжамдардың біріне сәйкес, планета массасының 10 пайызына жуығын су құрауы ықтимал. Негізгі бөлігі Жер секілді тасты жыныстардан тұрады.
Зерттеу жетекшісі Коллин Черубимнің айтуынша, LHS 1140 b тіршілік белгілерін іздеуге қолайлы негізгі нысанның біріне айналған. Планета салыстырмалы түрде жақын орналасқан әрі жасы үлкен, белсенділігі төмен жұлдызды айналады. Қызыл ергежейліде қуатты жарқылдардың байқалмауы атмосфераның сақталуына қолайлы жағдай туғызуы мүмкін.
Атмосфера тасты ғаламшардағы климатты тұрақтандырып, судың жоғалуын баяулатады және ғарыштық радиациядан қорғайды. Алайда Жерге ұқсас шағын экзопланеталардың ауа қабатын анықтау өте күрделі міндет саналады.
Ғалымдар гелийдің ерекше спектрлік «таңбасын» жерүсті телескоптары арқылы іздеген. Жеңіл газ планетадан алысқа таралатындықтан, оны өзге молекулаларға қарағанда байқау оңайырақ. Мұндай әдіс бұған дейін негізінен газ алыптарын зерттеуде қолданылған.
Ньюкасл университетінің астрономы Том Эванс-Сома алынған сигналды сенімді әрі қызықты нәтиже деп бағалады. Дегенмен гелий белгісі алғашқы бақылауда көрініп, екінші бақылауда анықталмаған. Сондықтан атмосфераның құрамы туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте.
Модельдер ауа қабатында гелиймен қатар су буы, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы және аз мөлшерде оттегі болуы мүмкін екенін көрсетеді. Ендігі бақылаулар LHS 1140 b шынымен мұхитты әлем бе, әлде тығыз атмосферасы бар құрғақ планета ма деген сұраққа жауап беруге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







