«Ахуал Сегодня» жобасының авторы, блогер Азамат Омаровтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде журналист Михаил Козачков өзінің Kozachkov offside арнасында хабарлады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Азамат Омаров Қылмыстық кодекстің 174-бабы аясындағы іс бойынша күдікке ілінген. Аталған бап әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру әрекеттеріне қатысты жауапкершілікті қарастырады. Кей деректе блогердің екі айға қамауға алынғаны айтылған.
Әзірге құқық қорғау органдары істің мән-жайы, күдікке негіз болған материал және қолданылған бұлтартпау шарасы жөнінде ресми мәлімет жариялаған жоқ. Азамат Омаровтың өзі немесе оның қорғаушылары тарапынан да толық түсініктеме берілмеді. Сондықтан тараған ақпарат ресми органдардың мәлімдемесінен кейін нақтылануға тиіс.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін күдікке ілінген адам кінәсіз деп саналады. Тергеу барысында істің барлық мән-жайы тексеріліп, Омаровқа тағылған күдікке құқықтық баға беріледі. Ресми ақпарат жарияланған жағдайда материал толықтырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







