Қытайда рамаға негізделген Jetour Zongheng F700 пикабының алдын ала сатылымы басталды. Қуатталатын гибрид әзірге бес орындық жалғыз нұсқада ұсынылып, бағасы 364,9 мың юань немесе шамамен 53,9 мың доллар болып белгіленді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
F700 Jetour компаниясының премиалды Zongheng топтамасындағы екінші модель. Аталған серияның алғашқы өкілі G700 жол талғамайтын көлігі 2025 жылы нарыққа шыққан. Жаңа пикап та сол модельдің платформасы мен негізгі техникалық шешімдеріне сүйеніп жасалған.
Jetour F700 көпшілікке 2026 жылғы Бейжің автосалонында көрсетілді. Мамырда көлік Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің дерекқорына енгізіліп, сериялық өндіріске жол ашылды. Өндіруші модельді толық өлшемді әрі премиалды жол талғамайтын пикап ретінде таныстырып отыр.
Пикап беріктігі жоғары рамалы GAIA платформасына құрылған. Көліктің ұзындығы 5495, ені 2050, биіктігі 1985 миллиметрге жетеді, ал доңғалақ базасы 3350 миллиметрді құрайды. Мұндай өлшем F700-ді Қытай нарығындағы ең ірі пикап санатына қосады.
Жүк бөлігінің ұзындығы мен ені 1520 миллиметрден, биіктігі 570 миллиметрден тұрады. Қос қатарлы кабина әзірге бес адамға есептелген. Кейін екінші қатарға екі жеке кресло орнатылған төрт орындық жайлы нұсқаны шығару жоспарланып отыр.
Көлік төрт доңғалаққа арналған тәуелсіз аспамен жабдықталған. Алдыңғы бөлікке қос көлденең иінтіректі, артқы жағына көп иінтіректі серіппелі құрылым орнатылған. Мұндай схема ауыр пикаптың тасжолдағы жүрісін жұмсартып, жолсыз аймақтағы орнықтылығын күшейтуге арналған.
Пикаптың жаңа дәуірі
F700-дің жабдықталған салмағы нұсқасына қарай шамамен 2,95–3 тонна аралығында болады. Пикап 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені сүйреп, тереңдігі 900 миллиметр су кедергісінен өте алады. Жанармай багының сыйымдылығы 100 литрге тең.
Салонда алдыңғы әйнектің бойына созылған 35,4 дюймдік панорамалық экран орналасқан. Экранда аспаптар тақтасындағы мәліметпен бірге навигация мен өзге жүйелердің ақпараты көрсетіледі. Орталық консольге Qualcomm Snapdragon 8255 чипі басқаратын 15,6 дюймдік сенсорлы дисплей қойылған.
Көліктің мультимедиалық кешені Zongheng OS операциялық жүйесіне негізделген. Бағдарламаны интернет арқылы жаңарту, смартфонды сымсыз қосу және көлік функциясын дауыспен басқару мүмкіндігі қарастырылған. Жасанды интеллектіге негізделген көмекші жүргізуші мен жолаушының пәрменін орындайды.
Пикапқа Kunpeng Super Hybrid CDM-O қуатталатын гибрид жүйесі орнатылған. Оның құрамындағы екі литрлік турбобензин қозғалтқышы 155 киловатт немесе шамамен 211 ат күшін және 340 ньютон-метр айналу күшін береді. Өндіруші қозғалтқыштың жылу тиімділігін 45,5 пайыз деп бағалап отыр.
Іштен жанатын қозғалтқыш алдыңғы және артқы осьтегі екі электр моторымен бірге жұмыс істейді. Жүйенің жиынтық қуаты 904 ат күшіне, ал айналу күші 1135 ньютон-метрге жетеді. Қуат ағынын екі сатылы DHT гибрид трансмиссиясы басқарады.
F700 үш дифференциал құлпы бар XWD интеллектуалды толық жетек жүйесін алған. Үш тоннаға жуық пикап сағатына 100 шақырым жылдамдыққа бес секундта үдейді. Ең жоғары жылдамдығы сағатына 180 шақырыммен шектелген.
Он минутта қуат жинайды
Көлік 800 вольттық электр архитектурасына және сыйымдылығы 34,13 киловатт-сағат литий-темір-фосфат аккумуляторына сүйенеді. CLTC өлшемі бойынша электр қуатымен 150 шақырым, ал қатаңырақ WLTC циклімен 116 шақырым жүреді. Жылдам қуаттау жүйесі батарея қорын шамамен он минутта 20 пайыздан 80 пайызға дейін толықтыра алады.
Толық зарядталған батарея мен толы жанармай багы пикапқа CLTC циклі бойынша 1300 шақырымға дейін жол жүруге мүмкіндік береді. Аралас режимдегі мәлімделген жанармай шығыны 100 шақырымға 4,36 литрді құрайды. Алайда жүріс қоры мен шығын жөніндегі көрсеткіштер зертханалық циклге негізделген өндіруші мәліметі екенін ескерген жөн.
Алдын ала сатылымға шыққан нұсқа 18 дюймдік доңғалақ дискісімен, былғары салонмен және толық жарықдиодты оптикамен жабдықталады. Falcon Pilot 500 жүргізуші көмекшісі бейімделетін круиз-бақылау жүйесін қамтиды. Айналаны толық көрсететін камера көлік астындағы кеңістікті экраннан көруге мүмкіндік беретін «мөлдір шасси» функциясымен толықтырылған.
Жабдықтар тізіміне смартфонға арналған сымсыз қуаттау, климат-бақылау және 64 түсті атмосфералық жарық кіреді. Он динамикті аудиожүйе, электр жетегі мен жады бар алдыңғы кресло да қарастырылған. Барлық орындыққа жылыту және желдету функциясы ұсынылады.
Алдын ала тапсырыс берген клиентке жүк бөлігінің жылжымалы қақпағы, үйге арналған қуаттау құрылғысы және оны бастапқы орнату қызметі тегін беріледі. Kunlun Grey түсіне де жеңілдетілген баға белгіленген. Көлікті коммерциялық мақсатта пайдаланбайтын алғашқы иесіне өмір бойғы зауыт кепілдігі ұсынылады.
Zongheng топтамасының алғашқы моделі G700 Қытайда бірнеше жинақтамамен сатылады. Оның бағасы 329,9 мың юаньнан басталып, қозғалтқыш пен электр моторларының жиынтық қуаты F700 пикабымен бір деңгейде қалады. G700 гибрид жүйесі CLTC циклімен 1400 шақырымға дейін жүре алады.
Jetour F700-дің толық модельдік қатары, ресми нарықтық бағасы мен алғашқы көлікті жеткізу мерзімі әзірге жарияланған жоқ. Алдын ала сатылымдағы 364,9 мың юаньдық баға бес орындық Player One нұсқасына ғана қатысты. Өндіруші жаңа пикаппен қуат, жайлылық және алыс сапар мүмкіндігін бір платформаға біріктіретін премиалды сегментке кіруді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







