Қазақстанда жүргізушілерге қойылатын талап күшейіп, медициналық бақылау мен жол ережесін білу деңгейін тексерудің жаңа тәртібі енгізіледі. 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енетін өзгерістер егде жастағы жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға және жолда өрескел құқық бұзған адамдарға қатысты болады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа талап бойынша 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс. Тексеру қорытындысы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен Ішкі істер министрлігінің дерекқорына автоматты түрде жіберіледі. Жүргізушінің денсаулығы көлік басқаруға жарамды екені жүйеде расталмаса, оның басқару құқығы тоқтатылады.
Жүргізушіге медициналық тексеру нәтижесін полицияға қағаз күйінде апарудың қажеті болмайды. Қажетті мәлімет мемлекеттік жүйелер арасында цифрлық форматта алмасады. Қарсы көрсетілімнің жоқтығы туралы қорытынды дерекқорға енгізілгеннен кейін көлік басқару құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі.
Заң жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні теориялық емтиханға қайта жіберуге де жол ашады. Мұндай шара жол қиылысында апат қаупін туғызған, жылдамдықты жүйелі түрде асырған, қауіпті маневр жасаған, жолақ ауыстыру немесе басып озу тәртібін бұзған адамдарға қолданылуы мүмкін. Қозғалысқа кедергі келтірген немесе жол қауіпсіздігіне қатер төндірген тоқтау мен тұрақ ережесін бұзу да қайта тексеруге негіз бола алады.
Теориялық емтихан барлық жүргізушіге жаппай тағайындалмайды. Қайта тексеру заңда нақты көрсетілген өрескел құқық бұзушылықтар бойынша қабылданған қаулы негізінде жүргізіледі. Жүргізуші дәлелді себепсіз екі ай ішінде емтиханға келмесе, көлік басқару құқығы тоқтатылады.
Масаң күйде көлік басқарған адамдарға қатысты жауапкершілік те қатаяды. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуға байланысты тоқтатылса да, құқық бұзушы көлік басқару мүмкіндігін сақтап қала алмайды. Оның жүргізушілік құқығы сегіз жыл мерзімге тоқтатылады.
Көлік басқарған адамның жүргізуші куәлігі мүлде болмаған жағдайда да сегіз жылдық шектеу қолданылады. Осы мерзім ішінде ол куәлік алу үшін емтихан тапсыра алмайды. Тыйым мерзімі қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы бекітілген кезден бастап есептеледі.
Сегіз жыл өткеннен кейін жүргізушілік құқық автоматты түрде қайтарылмайды. Азаматтың денсаулығында көлік басқаруға қарсы көрсетілім жоқ екенін растайтын медициналық қорытынды жүйеде болуы керек. Сонымен бірге жол ережесі бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыру талап етіледі.
Түзетулер 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған №326-VIII заңда қарастырылған. Жүргізушілерге қатысты негізгі нормалар 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Ішкі істер министрлігі өзгерістердің басты мақсаты жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







