Петропавлда жаңа Конституция аясындағы өңірлік басқару, жергілікті өзін-өзі басқару және азаматтық қоғамның рөлі талқыланды. Сарапшылар конституциялық өзгерістердің табысты жүзеге асуы аймақтардың белсенділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақстанның жаңа конституциялық архитектурасы: өңірлер көзқарасы» тақырыбындағы жиын ҚСЗИ-дің «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңы аясында өтті. Оған ғалымдар, заңгерлер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.
Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституция ел дамуының әділеттілікке, заң үстемдігіне, жауапкершілік пен тең мүмкіндікке негізделген жаңа кезеңін бастағанын айтты.
Оның сөзінше, жаңа саяси жүйе партиялардың жауапкершілігін арттырып, халықпен тұрақты жұмыс жүргізуді талап етеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы өңір мүддесін танытуға және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты күшейтуге жол ашады.
Жандос Шаймарданов Солтүстік Қазақстан облысының заманауи аграрлық экономика, цифрлық технология, жасанды интеллект пен инновация саласындағы әлеуетіне де тоқталды.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков жаңа Конституция мәслихаттардың өкілеттігін күшейтіп, жергілікті бюджет, қоғамдық бақылау және халық қатысатын бюджет тетіктерін кеңейткенін атап өтті. Оның пікірінше, алдағы Құрылтай сайлауы саяси жаңғырудың заңды жалғасы болмақ.
Бұдан бөлек…
«Ассамблея жастары» Солтүстік Қазақстан облыстық жастар бірлестігінің төрайымы Дариға Смайылова жастардың қоғамдық және саяси үдеріске белсенді араласуы маңызды екенін айтты. Ол сайлауға қатысу тек конституциялық құқық емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Азаматтық альянс» қауымдастығы төрағасының орынбасары Әсел Есжанова жаңа сайлау моделіндегі негізгі өзгеріске назар аударды. Енді Құрылтайдың 145 депутаты толықтай партиялық тізім арқылы сайланады.
Оның пікірінше, пропорционалды жүйе партиялардың рөлін күшейтіп, саяси бәсекені жеке тұлғалар тартысынан бағдарламалар мен командалардың жарысына қарай бұрады. Мұндай тәсіл партиялардың жаңаруына ықпал етіп, популизмді азайтуы мүмкін.
«СҚО жастар мәслихаты» ұйымының өкілі Тимур Әлжанов қазіргі сайлау науқаны қоғамның саяси жүйені жаңарту талабына жауап беріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, партиялар басшылық құрамын өзгертіп, жас көшбасшыларды тартып, жаңа идеялар мен бағдарламалар ұсына бастаған.
Жиын қорытындысында сарапшылар жаңа Конституцияны іске асыру өңірлердің белсенділігіне, жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына және мемлекет пен азаматтар арасындағы тұрақты диалогқа байланысты деген ортақ пікірге келді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







