Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға зейнетақы жинағын жекеменшік басқарушы компанияларға аудармас бұрын олардың жұмысын жан-жақты зерттеуге кеңес берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бас банкир Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің азаматтарға зейнетақы активтерінің 100%-ына дейін жекеменшік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыратын бастамасын қолдайтынын айтты.
Сүлейменовтің сөзінше, жаңа заң қабылданса, азаматтардың таңдау мүмкіндігі кеңейеді. Алайда бұл барлық жинақты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті түрде шығару керек дегенді білдірмейді.
«Ең маңыздысы заң азаматтарға таңдау құқығын береді. Сондықтан ең алдымен қаржылық сауатты арттыру қажет. Зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, басқарушы компаниялардың инвестициялық декларацияларын, осы уақытқа дейін қандай нәтиже көрсеткенін зерттеп алған жөн. Содан кейін ғана әркім өз инвестициялық шешімін өзі қабылдауы керек. Өйткені зейнетақы шоты азаматтың өзіне ғана тиесілі жеке шот», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол жоғары табысқа ұмтылған адам күткен нәтижеге қол жеткізе алмауы да мүмкін екенін ескертті. Соған қарамастан, бүгінде елімізде осындай қызмет көрсететін алты лицензияланған басқарушы компания жұмыс істейді. Олардың қызметін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қатаң бақылайды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







