Алматыда Кеңес Одағы кезінде әскери-теңіз флотында қызмет еткен бір топ азамат Ресейдің Әскери-теңіз күштері күнін атап өтті. Желі қолданушылары Қазақстан азаматтарының өзге мемлекеттің әскери мерекесіне соншалықты беріліп қатысуын азаматтық ұстаным мен ұлттық санаға үйлеспейтін әрекет деп бағалады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
kazbeksharipov7 аккаунты жариялаған видеода бұрынғы әскери теңізшілердің 26 шілдеде Алматыда бас қосқаны көруге болады. Ресей заңнамасында Әскери-теңіз флоты күні шілденің соңғы жексенбісінде аталып өтеді, 2026 жылы ол 26 шілдеге сәйкес келді.
Кеңес армиясында бірге қызмет еткен азаматтардың жүздесіп, жастық шағын еске алуында оғаштық жоқ шығар. Алайда кездесу естелік кешінен шығып, өзге елдің қазіргі әскери құрылымының мерекесін дәріптеуге ұласса, мәселенің саяси және моральдық сипаты өзгереді.
Қазақстанның өз Әскери-теңіз күштері бар. Ол 1993 жылғы 2 сәуірде құрылып, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі егемендік пен мемлекеттік мүддені қорғап келеді. Сондықтан әскери теңізші болған азамат үшін ең алдымен өз елінің флотына құрмет көрсету табиғи көрінер еді.
Желі қолданушылары да осы қайшылыққа назар аударған. Бір оқырман олардың әрекетін: «Қарттық келгенімен, даналық жолда қалып қойғандай» деп мысқылдады. Тағы бір азамат өзінің де Кеңес армиясының әуе қорғанысында қызмет еткенін, бұрынғы қаруластарымен кездескенімен, басқа мемлекеттің әскери мерекесін дәл осылай атап өтпейтінін жазды.

Кеңес Одағының әскері Қазақстан азаматтарының да өмірбаянының бір бөлігі екені анық. Алайда КСРО 1991 жылы тарих сахнасынан кетті, ал оның құрамындағы республикалар тәуелсіз мемлекетке айналды. Отыз жылдан астам уақыт өткен соң әскери ант, мемлекеттік рәміз және азаматтық адалдық та жаңа саяси шындыққа сай бағалануға тиіс.
Моральдық тұрғыдан мұндай жиынға сын айтуға толық негіз бар. Әсіресе Ресей әскері көрші мемлекеттегі соғысқа қатысып жатқан кезде оның әскери мерекесін Қазақстанның ірі қаласында айрықша салтанатпен атап өту қоғамның бір бөлігінде заңды наразылық туғызады. Адамның бұрынғы қызметін құрметтеу өзге мемлекеттің қазіргі әскери саясатын дәріптеуге айналмауы керек.
Бейнежазбаны құзырлы органдар тексеріп, жиынның қай жерде, қандай форматта және қандай рәміздермен өткенін анықтағаны жөн.
Ал қоғамдық баға әлдеқашан беріліп қойды. Қазақстанда тұрып, Қазақстанның азаматтығын иеленіп, бөтен мемлекеттің әскери мерекесіне елігу көп адамның көңіліне қонбайды. Өткенді еске алу бір басқа, бүгінгі азаматтық бағдарды жоғалту бір басқа.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







