Құрылтай сайлауына ұсынылған құжынаған кандидаттың арасынан Гаухар Танашеваға орын табылмады. Саяси партиялар өзіндік уәжі бар, дауыс әкелетін тұлғаға мұхтаж бола тұра, олардан өлердей қорқатын синдромнан арылмай тұр деп жазады Ertenmedia.kz.
Әсілі, сайлаушы көбіне партияның бағдарламасына емес, сол бағдарламаны арқалап тұрған адамның болмысына сенеді. Қырық тармақтан тұратын тұғырнаманы жұрттың бәрі оқымайды. Партияның атауынан бұрын әлгі ұйымның құрамындағы тұлғаның позициясы, пайымы, парасаты есте қалады.
Гаухар Танашеваның саяси капиталы да осында еді. Экс-мәжілісмен қоғамдағы шетін мәселелерді Мәжіліс мінберіне сүйреп шығарды және дәл осы мінезі оны жұртқа жақындатты.
Үкімет пен халық арасындағы алшақтықты сынаған соңғы сауалынан кейін мандатынан айырылды. Сауал мәтіні вице-спикер Әлберт Раудың сүзігісінен өтіп, ол Танашеваға «айналайын, мына сауалды оқымайсың» деген шарт қойған деседі.
«Бірақ мен ешкімнің келісімін күтпей, сауалымды оқып шықтым. Осыдан кейін бюро менің мәселемді май шаммен қарады. Артынша Орталық сайлау комиссиясы ешқандай ескертусіз, мандатымның тоқтатылғанын хабарлады», — деген болатын экс-депутат.
Осы бір көріністің өзінде тұтас жүйенің табиғаты тұрғандай.
Депутат елдің атынан сөйлей ме, әлде партияның рұқсатымен ғана үн қата ма? Мандатты сайлаушы бере ме, әлде оны қалаған сәтте партия кеңсесі тартып ала ма? Мәжіліске өткір сұрақ қою үшін бара ма, жоқ әлде алдын-ала келісілген қойылымдағы рөлін ойнау үшін отыра ма?
Танашева осы сауалға өзінің тағдырымен жауап қатты. Бірақ қоғамдағы саяси салмағын жоғалтқан жоқ. Атышулы «Халық» партиясы «проблемалы» депутаттан құтылғанымен, сол сәтте Танашеваға сенген сайлаушының бір бөлігін есік сыртында қалдырды.
Халқын ойламайтын, аямайтын Үкіметтен тұратын мемлекетпіз
Оның саяси капиталын әзір сайлауға түсіп жатқан жеті партияның бірде біреуі пайдасына жаратқан жоқ.
Танашеваның депутат тұсындағы ең өткір пайымдарының бірі кедейлік пен жоқшылыққа қатысты еді. Ол қоғамдағы көптеген дерттің түп-тамырын халықтың күнкөрісінен іздеді.
«Қаншама ана бала-шағасын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр. Жеріміз, еліміз бай деп мақтанғанда сондаймыз. Онда әлгі мәселе қайдан шықты? Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай, мардымсыз айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан халқымыз не істейді?
Қыс келсе, үйлер отқа оранады. Көктем басталса суға кетеміз. Үкімет неге осының алдын алмайды? Халықтың көп бөлігі шықпа жаным шықпамен күн кешіп жүр. Мұндай жағдайда патриоттық тәрбие туралы айтудың өзі ұят.
Біз бе, біз жетімін жылатып далада қалдырған, халқын ойламайтын, аямайтын Үкіметтен тұратын мемлекетпіз», — деген болатын экс-мәжілісмен.
Оның уәжі содан бері де ескірген жоқ. Танашева жоқшылықтан қажыған халықтың тағдырын Үкіметтің ар-ұятына қойылған сұраққа айналдырды.
Иә, саясаткердің бар сөзін құптау міндет емес. Тірі саясат абсолютті дұрыс адамдардан құралмайды. Ол бір-бірімен келіспейтін, бірақ қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін тұлғалардың бәсекесінен туады.
Ал дауыс көтермейтін, қателеспейтін, ешкіммен таласпайтын депутат көбіне ештеңе шешпейтін депутат болып шығады. Алдағы Құрылтай дәл осындай құрамнан құралады деген қауіп бар.
Борейконың көлеңкесі…
Әсілі, сайлауға түсіп жатқан саяси ұйымдарға Танашевамен тіл табысуға болар еді. Бұл биліктің сын айтқан адамды біржола жау көрмейтінін, мінезді саясаткермен жұмыс істей алатынын дәлелдер ме еді.
Мәжілістен қуылған, Құрылтай тізімінен тыс қалған Танашева қазір Вадим Борейко ұйымдастырған қоғамдық жиындарда төбе көрсетіп жүр. Жүйе ішінен қуылған дауыс басқа лагерге ауысып кетті.
Борейконың тыңдарманы көбіне Алматының аузынан ақ май аққан орыстілді қалалық қауымы. Ал Танашеваның табиғи аудиториясы әлдеқайда кең. Оның сөзін қазақтілді орта, «әлеуметтік көмекті ала алмай, мардымсыз айлық пен жәрдемақыны жеткізе алмай, несиеге батқан жұрт» жақсы түсінеді.
Саяси партиялар осы аудиторияны өз қолымен басқа күмәнді қоғамдық алаңдарға қарай ығыстырып жатыр. Саяси есеп-қисап тұрғысынан Танашеваны Құрылтайға тарту билік үшін де пайдалы болар еді. Ол әлеуметтік күйзелісті іштен жеткізетін тірі сенсор қызметін атқарар еді.
Құрылтай атауының өзінде кеңесу, елдік сөзді ортаға салу, қайшы пікірді бір шаңырақтың астында тоғыстыру мағынасы жатыр. Егер ондай орынға тек алдын ала келісіп-пішілген сауал оқитын, қол көтеретін сәтін күтіп отыратын адамдар ғана тоғысса, Құрылтайдың аты да, заты да көпке ұзамай солып қалады. Стерильді парламенттен сізге де, бізге де пайда жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







