Алматы индустриялық аймағында жыл соңына дейін жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба іске қосылады. Жаңа кәсіпорындар 691 жұмыс орнын ашып, қаланың өндірістік әлеуетін күшейтеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, жобалардың алтауы өнеркәсіп секторына тиесілі. Олардың қатарында жылу және сумен жабдықтау жүйесіне арналған жабдық өндірісін кеңейту, Euro Truck Service логистикалық кешенін салу, ПВХ парақтарын, газоблок пен ALC-панельдер шығаратын кәсіпорындар бар.
Сонымен қатар тұрмыстық қағаз өнімдерін өндіретін зауыт пен металл жол-көпір конструкцияларын жасайтын кәсіпорын іске қосылмақ.
– Құрылыс материалдары, машина жасау, көлік-логистика, химия өнеркәсібі, қалдықтарды қайта өңдеу және күнделікті тұтынатын тауарлар өндірісі қарқынды дамып келеді. Аталған салалар импортты алмастырып, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттырады, – деді Ерлан Жайлаубай.
Шағын және орта бизнеске арналған өндірістік инфрақұрылым да кеңейеді. Биыл жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асатын бес шағын өнеркәсіптік парк ашу жоспарланған. Жоба 400-ден астам жұмыс орнын құрып, жаңа кәсіпорындарды орналастыру мүмкіндігін арттырады.
Алматы әкімдігі индустриялық аймақты кеңейтудің үшінші кезеңін әзірлеп жатыр. Өндірістік аумақ тағы 376 гектарға ұлғаяды. Қазір 323 гектар жер телімі сатып алынған.
Ерлан Жайлаубайдың пікірінше, индустриялық аймақ қарапайым өндірістік алаңнан толыққанды экономикалық экожүйеге айналды. Автомобиль жасау қосалқы бөлшек өндірісін ынталандырып, құрылыс материалдары ішкі сұранысты өтейді. Логистикалық кешендер жеткізу тиімділігін арттырса, қайта өңдеу кәсіпорындары айналмалы экономика қағидаттарын енгізуге жол ашады.
Алдағы кезеңде жоғары қосылған құны бар жобаларға, машина жасауға, электроника мен химия өнеркәсібіне, жаңа буын құрылыс материалдарына және өндірісті цифрландыруға басымдық беріледі. Индустриялық аймақтың кеңеюі жаңа инвестор тартуға, мыңдаған жұмыс орнын ашуға және Алматының өнеркәсіптік орталық ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







