Бүгінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға тағылған үш эпизод бойынша айып сотта дәлелденді деп мәлімдеді. Прокурор заңсыз кәсіпкерлік, сеніп тапсырылған қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, сот тергеуі кезінде жиналған дәлелдер бір-бірімен өзара үйлесіп, қылмыстық істің тұтас картинасын қалыптастырған. Айыптау тарапы жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарына, банк және бухгалтерлік құжаттарға, салық деректеріне, мамандардың қорытындылары мен сот сараптамаларына сүйенді.
Прокурор қорғау тарапы аталған материалдарды жоққа шығаратын объективті дәлел ұсына алмады деп есептейді.
Бірінші эпизод заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Гүлнар Бажкенова кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмей, пайда табу мақсатында Алматыдағы пәтерлерді жүйелі түрде сатып алып, қайта сатқан.
Прокурор осы операциялардан төленбей қалған жеке табыс салығы 12,12 млн теңгені құрағанын айтты.
Айыптаудағы ең ауыр эпизод «Орда Медиа KZ» ЖШС қаражатына байланысты. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Бажкенова басшылық өкілеттігін пайдаланып, компания ақшасын жеке кәсіпкердің есепшотына аударуды ұйымдастырған. Тергеу кезінде аталған жеке кәсіпкердің редакция қызметкері екені анықталған.
Осындай аударымдардың жалпы көлемі 84,2 млн теңгеге жеткен. Куәгер сотта операциялар сотталушының өтініші бойынша жасалғанын растаған.
Компания қаражаты да қайтарылмаған
Қорғау тарапы қаражат қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалғанын және редакцияда «қос бухгалтерия» жүргенін алға тартқан. Алайда прокурор сотқа осы нұсқаны растайтын төлем тізімдемелері, кассалық ордерлер, қызметкерлердің қолхаттары немесе өзге де қаржылық құжаттар берілмегенін атап өтті.
Мемлекеттік айыптаушы компания есепшотынан Haileybury Almaty жекеменшік мектебіне аударылған 4,64 млн теңгеге де жеке тоқталды. Іс материалдары бойынша, қаражат Бажкенованың ұлы оқыған мектептің оқу ақысын өтеуге жұмсалған.
Бажкенова аталған аударымды жоққа шығармаған. Ол компаниядан ақшаны қарызға алғанын мәлімдеген. Алайда прокурор іс материалдарында заңды тұлғаның қаражатын жеке мақсатқа пайдалануға мүмкіндік беретін қарыз шарты да, серіктестік қатысушыларының тиісті шешімі де жоқ екенін айтты. Компания қаражаты да қайтарылмаған.
Айыптаудың үшінші блогы Бажкенованың кәсіби қызметіне қатысты.
Прокурор Orda.kz интернет-ресурсы арқылы шындыққа сәйкес келмейтін әрі азаматтар мен ұйымдардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылды деп мәлімдеді.
Айыптау тарапының сөзінше, жәбірленушілер редакция жариялаған мәліметтерді теріске шығарған. Ал қорғау тарапы жарияланымдардағы ақпараттың шынайылығын растайтын объективті дәлелдер келтірмеген.
Сот тергеуі кезінде редакция аталған материалдарды жариялар алдында жәбірленушілерден түсініктеме немесе ақпаратты растауды сұрамағаны да айтылды.
Осындай эпизодтардың бірі Алматы қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары Н. Ауғанбаевқа қатысты. 2024 жылы Orda.kz оның ұсталғаны жөнінде ақпарат жариялаған. Кейін Бас прокуратура мәліметті теріске шығарғанымен, айыптау тарапының мәліметінше, Бажкенова ақпаратты сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларда жариялаған.
2 жыл 6 ай
Прокурор журналистік материал әзірлеу кезінде ақпаратты тексеру, екінші тараптың позициясын сұрату және деректі құзыретті органдар арқылы нақтылау талаптары сақталмағанын мәлімдеді.
Сот жарыссөзінің қорытындысында мемлекеттік айыптаушы Гүлнар Бажкенованы тағылған барлық бап бойынша кінәлі деп тануды сұрады.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 1 жыл 6 ай, ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін 8 жыл, ҚК 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша прокурор түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Сонымен қатар айыптауда көрсетілген журналистік, жария және басшылық қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айыруды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді 2 жыл мерзімге кейінге қалдыру жөнінде де өтініш білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






