«24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай сайлауы алдындағы «Басты дебат – 2026» өтіп жатыр. Ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қорытынды телевизиялық пікірталасқа Қазақстандағы жеті саяси партияның көшбасшысы қатысуда, – деп жазады Ertenmedia.kz.
««24KZ» телеарнасының мәліметінше» (https://24.kz/ru/news/top-news/786555-glavnye-televizionnye-debaty-pered-vyborami-v-kurultaj-na-telekanale-24kz), дебат алаңына «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқынов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев шықты.
Негізгі эфирге дейін сағат 19:00-де арнайы превью-бағдарлама басталды. Оның аясында жеті партияның сайлауалды штабтарынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, сарапшылармен сұхбаттар және Қытай, АҚШ пен БАӘ-мен халықаралық телемосттар өткізілді.
Негізгі дебат сағат 20:00-де басталды. Ұйымдастырушылар пікірталас кезінде барлық партияға тең мүмкіндік беру қағидаты сақталатынын атап өтті.
Қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі дебатқа бір күн қалғанда, 18 тамызда «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде жеребе арқылы анықталған еді. Нәтижесінде бірінші болып Respublica, одан кейін Baytaq, «Ақ жол», «Әділет», «Ауыл», ЖСДП және Қазақстан Халық партиясы сөз алады.
Теледебат төрт раундтан тұрады. Партия көшбасшылары өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, саяси қарсыластарына сауал қоюға мүмкіндік алады.
Дебат қарсаңында азаматтардың сұрағын жинауға арналған арнайы Telegram-бот іске қосылған. «24KZ» мәліметінше, сол арқылы шамамен 52 мың сұрақ түскен.
Сайлаушылар жолдаған сауалдар пікірталастың үшінші раундында партия басшыларына қойылады. Соңғы кезеңде жеті саяси ұйымның жетекшісі сайлауалды қорытынды үндеуін жасайды.
Пікірталастың негізгі тақырыбы – «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін». Партия көшбасшылары әлеуметтік қорғау, халықтың тұрмыс деңгейі және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі ұстанымдарын ортаға салады.
Дебатты тележүргізушілер Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай жүргізіп отыр. Байланыс орталығына түскен азаматтардың сауалдарын эфирде Сағыныш Әбікей оқиды.
«Басты дебат – 2026» сайлауалды науқанның қорытынды саяси алаңдарының біріне айналды. 23 тамыздағы дауыс беру қарсаңында жеті партия көшбасшысы бір эфирде өз бағдарламаларын салыстырып, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге қатысты көзқарасын тікелей сайлаушыларға ұсынып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







