«ҚазМұнайГаз» 2026 жылдың алғашқы жартысында 904 млрд теңге таза пайда тапты. Ұлттық компанияның табысы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 69 пайызға өскен. Экономист Расұл Рысмамбетов мұны технологиялық серпілістен гөрі мұнай нарығындағы қолайлы ахуалды ұтымды пайдаланудың нәтижесі деп бағалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компанияның алты айлық кірісі 23,7 пайызға өсіп, 5,57 трлн теңгеге жеткен. Еркін ақша ағыны 750 млрд теңгеден асып отыр. Қаржылық есеп халықаралық стандарттар бойынша әзірленіп, PwC аудиторларының тексеруінен өткен.
Рысмамбетов ұлттық компанияларды жиі сынайтынын жасырмайды. Алайда ҚМГ-ның қазіргі қаржылық нәтижесін атап өтіп, ел қазынасын асырап отырған мұнай алыбына лайықты бағасын беру керек деп санайды.
ҚМГ желкеніне жел қайдан соқты
Экономист пайданың күрт өсуіне мұнай бағасы негізгі ықпал етті дейді. Есепті кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 71,9 доллардан 92,3 долларға дейін көтерілген. Өсім 28 пайызға жуықтады.
Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттайтын KEBCO мұнайын үстеме бағамен өткізіп отыр. Рысмамбетовтің пікірінше, әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай Қазақстанға тәуелді емес. Дегенмен ҚМГ қалыптасқан конъюнктураны табысқа айналдыра білген.
Теңіз жобасының үлесі де айрықша. ҚМГ есебіне енген ТШО пайдасындағы үлес 2,5 есеге жуық өсіп, 369 млрд теңгеге жеткен. Бірлескен және қауымдасқан кәсіпорындардан түскен жиынтық үлес 500 млрд теңгеден асып отыр.
Экономистің есебінше, бірлескен кәсіпорындардың бухгалтерлік нәтижесін алып тастағанның өзінде, ҚМГ-ның төл бизнесінен түскен көрсеткіш 1,1 трлн теңгеден асқан. Бұған дейінгі салыстырмалы кезеңде ол шамамен 790 млрд теңге болған.
Кіріс өсті, шығынның қарқыны тежелді
Компанияның табысы 23,7 пайызға артқан тұста өндірістік шығын 7,2 пайызға ғана көбейген. Әкімшілік шығынның өсімі 1,8 пайыз деңгейінде қалған.
Қаржыландыруға жұмсалған шығын да 164 млрд теңгеден 145 млрд теңгеге төмендеген. Рысмамбетов мұны ҚМГ қарызының кейінгі бірнеше жылда азаюымен байланыстырады.
Ұлттық компания «Самұрық-Қазынаға» 350 млрд теңге аударған. Алайда қаржылық есепте назар аударуды қажет ететін тәуекел де бар. Дебиторлық берешек 935 млрд теңгеге дейін көбейген. Демек, ҚМГ өнім алған тараптардан бір триллион теңгеге жуық қаржысын әлі жинай алмай отыр.
Экономист берешектің бір бөлігі дизель отынын алған өзге ұлттық компанияларға тиесілі болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен бірге EPC келісімшарттары бойынша берілген аванс көлемі де өскен.
«Самұрыққа» берілген арзан ақша
Рысмамбетов ҚМГ-ның бас компанияға жасаған тағы бір қаржылық қадамына назар аударды. 2026 жылдың қаңтар-маусымында мұнай компаниясы «Самұрық-Қазынаның» 951,6 млрд теңгелік облигациясын сатып алған.
Оның пайымдауынша, ҚМГ осы операция арқылы қорға нарықтағыдан төмен пайызбен ұзақ мерзімді әрі арзан қаржы берген.
«Мұның алдын ала жасалған жоспар немесе бас компанияны қаржылай сүйемелдеу болғанын түсіну керек», – дейді экономист.
Рысмамбетов ҚМГ мұнай өндіру көлемін күрт ұлғайтпағанын және технологиялық ғажайып жасамағанын еске салды. Компанияның рекордтық пайдасына қымбат мұнай мен Теңіз жобасының табысы жол ашқан.
«Квазимемлекеттік секторымыздың қара маржанына қатты жел соқты. Мұнай бағасы мен Теңіздің пайдасы желкенін керді. ҚМГ сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланды. Осы үшін компанияны мақтауға болады және мақтау керек», – деп түйіндеді ол.
QazaqGaz-ды ҚМГ-ға қайтару қажет пе
Экономист QazaqGaz-дың болашақ құрылымына да тоқталды. Оның сөзінше, кезінде «ҚазТрансГазды» ҚМГ құрамынан бөлуге ықпалды адамдардың жеке амбициясы түрткі болған. Адамдар кеткенімен, сол кезде жасалған басқару жүйесі сақталып қалды.
Алайда QazaqGaz-ды ҚМГ құрамына қайта қосу мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды. Газ қоры жеткіліксіз кезде компания ҚМГ қаржысын, соның ішінде геологиялық барлауға арналған ресурсты өзіне бұрып әкетуі ықтимал.
Бұған қоса, жекеменшік өндірушілер газ құбырына әрдайым бірдей қол жеткізе алмайтынына алаңдайды. Рысмамбетовтің ойынша, алдымен осы түйін тарқатылып, содан кейін ғана екі ұлттық компанияның болашақ архитектурасы жөнінде шешім қабылдануы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







