Оңтүстік Кореяда ресми жұмыс істеуді көздеген қазақстандықтарға қойылатын негізгі талаптар белгілі болды. Үміткер 18 бен 39 жас аралығында болуы, корей тілінен сынақ тапсырып, кәсіби бағалау мен медициналық тексеруден өтуі керек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, азаматтарды практикалық іріктеу Алматыда арнайы EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Қазақстаннан алғашқы жұмысшыларды Оңтүстік Кореяға 2028 жылдан бастап жіберу жоспарланып отыр.
Сондықтан дәл қазір құжат қабылдау да, кандидаттарды тіркеу де басталған жоқ.
Кімдер іріктеуге қатыса алады
Оңтүстік Кореяға жұмысқа барғысы келетін азамат мына талаптарға сай болуы қажет:
- жасы 18-ден 39-ға дейін болуы;
- соттылығы болмауы;
- Қазақстаннан шығуына шектеу қойылмауы;
- Оңтүстік Кореяға кіруге тыйымы болмауы;
- аталған елден бұрын депортацияланбауы;
- жарамды паспорты болуы;
- медициналық тексеруден өтуі;
- корей тілін жұмыс істеуге жеткілікті деңгейде меңгеруі.
Іріктеу балдық жүйемен жүргізіледі. Кандидаттың білімі, еңбек өтілі, кәсіби тәжірибесі және қолындағы сертификаттары ескеріледі.
Қандай сынақтардан өту керек
Үміткерлер ең алдымен корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK емтиханын тапсырады. Одан кейін кәсіби дағдылары бағаланып, медициналық тексеру жүргізіледі.
Барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар жұмыс іздеушілердің ресми тізіміне енгізіледі. Әр үміткердің жеке профилінде:
- білімі;
- кәсіби тәжірибесі;
- сертификаттары;
- тест нәтижесі;
- қандай еңбек жағдайын қалайтыны көрсетіледі.
Осы мәліметтер негізінде кореялық жұмыс беруші өзіне қажетті маманды таңдайды.
Емтиханнан өту жұмысқа кепілдік бермейді
Министрлік маңызды бір жайтты ескертті. Корей тілінен емтихан тапсыру және ресми тізімге ену азаматтың міндетті түрде жұмысқа қабылданатынын білдірмейді.
Түпкілікті шешімді Оңтүстік Кореядағы жұмыс беруші қабылдайды. Қазақстаннан қанша адам баратыны да Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.
Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін еңбек шартын жібереді. Құжатқа қол қоймас бұрын азаматқа атқаратын міндеті, жұмыс кестесі, еңбек жағдайы және шарттың өзге талаптары толық түсіндірілуге тиіс. Қол қойылғаннан кейін қызметкер еңбек шартының түпнұсқасын алады.
Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады
EPS жүйесімен барған қазақстандық Оңтүстік Кореяда үш жылға дейін еңбек ете алады. Заңда көзделген жағдайда мерзім тағы бір жыл он айға ұзартылуы мүмкін.
Белгіленген мерзімді аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан азаматтарға кейін Оңтүстік Кореяға қайта барып жұмыс істеу үшін жеңілдетілген мүмкіндік қарастырылады.
Жолға шығар алдында Алматыдағы EPS орталығында міндетті даярлықтан өту қажет. Осы кезең аяқталған соң жұмыс визасы рәсімделіп, азамат еңбек ететін жеріне аттанады.
Бағдарлама қашан басталады
Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System жүйесіне 2026 жылғы 14 тамызда ресми түрде қосылды. Еліміз E-9 бағдарламасына қатысатын 18-мемлекет атанды.
Алайда жұмысшыларды жіберу бірден басталмайды. Алдымен:
- екі ел арасында үкіметаралық меморандумға қол қойылуы;
- Алматыда EPS орталығы ашылуы;
- EPS-TOPIK тестілеу жүйесі іске қосылуы;
- тіркеу мен іріктеудің нақты тәртібі бекітілуі керек.
Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін алғашқы қазақстандықтарды 2028 жылы жұмысқа тарту көзделген.
Делдалдарға ақша бермеу керек
Еңбек министрлігі азаматтарды «Кореяға міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз», «кезексіз өткіземіз» немесе «ресми тізімге қосып береміз» деп уәде ететін делдалдардан сақтандырды.
Жекеменшік компания да, жеке адам да Кореядағы жұмыс орнына кепілдік бере алмайды. Іріктеу тек мемлекеттік жүйе арқылы өтеді, ал соңғы шешімді кореялық жұмыс беруші қабылдайды.
Құжат қабылдау мерзімі, EPS-TOPIK емтиханының уақыты, өтініш беру тәртібі және квота туралы ақпарат кейін Еңбек министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады. Әзірге тіркеу басталған жоқ. Сондықтан жұмысқа орналастыруды ұсынып, алдын ала ақша сұраған адамдарға сенуге болмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







