Қазақстанда доллар күзге қарай қайта қымбаттап, қазан айында 500 теңгелік психологиялық межеге тақалуы мүмкін. Экономист Руслан Сұлтанов базалық болжамда америкалық валютаның аталған деңгейден асып, тұрақтап қалуы әзірге күтілмейтінін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшы Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының есебіне сүйеніп отыр. Базалық сценарий бойынша доллардың орташа бағамы тамызда 470,5 теңге, қыркүйекте 486 теңге болуы ықтимал.
Теңгеге түсетін қысым қазан айында күшеймек. Болжамда сол айдағы орташа бағам 499,7 теңге деп көрсетілген. Қарашада доллар 496,6 теңгеге, желтоқсанда 494,2 теңгеге тұрақтауы мүмкін.
Демек, негізгі сценарий доллардың күзде қымбаттайтынын көрсеткенімен, жыл соңына дейін 500 теңгеден жоғары орнығып қалатынын меңземейді. Қазан айында межеге барынша жақындаған бағам кейін сәл төмендеуі ықтимал.
24 тамыздағы KASE саудасында доллардың орташа бағамы 457,65 теңге болды. Алдыңғы сауда қорытындысында көрсеткіш 457,62 теңге еді. Бюро болжамы орындалса, қазанға дейін америкалық валюта шамамен 42 теңгеге немесе 9 пайыздан астам қымбаттайды.
Алайда жағымсыз факторлар қатар келсе, теңге бұдан да қатты әлсіреуі мүмкін. Пессимистік сценарий доллардың 500 теңгелік шептен қыркүйектің өзінде асатынын көрсетіп отыр.
«Пессимистік сценарийде орташа айлық бағам қыркүйекте 503,4 теңге, желтоқсанда 511,7 теңге деңгейінде белгіленген. Демек, ішкі және сыртқы жағдай қолайсыз қалыптасса, бір доллардың 500 теңгеге жетуі әбден мүмкін. Дегенмен қазір мұны негізгі болжамнан гөрі тәуекел сценарийі ретінде қарастырған дұрыс», – деді Руслан Сұлтанов.
Сарапшы келтірген сандар күннің нақты бағамын емес, әр айдағы орташа көрсеткішті білдіреді. Сондықтан доллар жекелеген сауда күндері болжамдағы межеден жоғары немесе төмен түсуі ықтимал.
Теңгенің күзгі тағдырына ішкі сұраныс, импорт көлемі, бюджет шығысы, мұнай бағасы және әлемдік нарықтағы доллардың күшеюі секілді факторлар ықпал етеді. Бірнеше теріс фактор тұспа-тұс келсе, 500 теңге болжамнан шынайы бағамға айналуы мүмкін.
Әзірге базалық бағыт анық, күзде доллар қымбаттайды, 500 теңгенің табалдырығына жетеді, бірақ одан жоғары тұрақтап қалмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







