Өскеменде үш жыл ішінде 44 рет жарылған су құбырлары толық жаңартылады. Қаладағы су жүйесі бірыңғай диспетчерлік орталыққа қосылып, апат пен қысымның төмендеуі онлайн бақыланбақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жалпы құны 9,7 миллиард теңге болатын алты жоба қолға алынған. Жұмыстар 2027 жылы жалғасады.
Ең ауқымды жобаға шамамен 4,9 миллиард теңге бөлінген. Жаңа жүйе судың бастау көзінен тұрғын үйге жетіп, кәріз арқылы әкетілуіне дейінгі бүкіл жолды бақылауға мүмкіндік береді. Су алу нысандары, сорғы станциялары, резервуарлар мен қысымды өлшейтін бекеттер бір орталыққа біріктіріледі. Диспетчерлер әр ауданға қанша су жеткенін, сорғылардың қалай жұмыс істеп тұрғанын және қысымның қай тұста өзгергенін онлайн көре алады.
Көпқабатты үйлерге көрсеткішті қашықтан жіберетін 1 344 ортақ есептегіш орнатылады. Соның көмегімен үйге кірген су көлемі нақты тұтынумен салыстырылып, желідегі шығынның қай жерде пайда болғаны дәлірек анықталады. Сонымен бірге қаланың су құбырлары картасы жаңартылып, су тарату жүйесінің цифрлық үлгісі жасалады.
Цифрлық бақылау ақауды ерте анықтағанымен, әбден тозған құбырдың орнын баса алмайды. Сондықтан Карбышев және Целинная көшелеріндегі желілер, Элеватор су тоғанынан Самар тасжолына дейінгі және Солтүстік Атаман су тоғанынан Машиностроителей көшесіндегі сорғы станциясына баратын құбырлар жаңартылады. Алғашқы екі учаскеде кейінгі үш жылда 44 апат тіркелген.
Қалада пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған екі жылу желісі де толық ауыстырылады. Олардан 8,2 мыңнан астам тұрғын, үйлер, мектептер, балабақшалар мен медицина мекемелері жылу алады. Жөндеу кезінде негізінен Қазақстанда өндірілген құбырлар мен материалдар қолданылмақ.
Өскемендегі жұмыстар өңір инфрақұрылымын жаңартудың алғашқы кезеңі саналады. 2027 жылға облыс бойынша тағы 68 миллиард теңгенің 26 жобасы әзірленіп жатыр. Жоспар жылу, электр және кәріз желілерін қамтиды. Риддерде су есебін автоматтандыру көзделген. Нәтижесінде тұрғындар үшін су қысымы тұрақталып, ақауды жою уақыты қысқарып, қыс ортасында жылусыз қалу қаупі азаюға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







